"Реал" Винисиустың жаңа келісімшарты бойынша жалақысын көтереді

Global Look Press
Мадридтік "Реал" бразилиялық шабуылшы Винисиус Жуниормен жаңа келісімшартқа отырып, оның жалақысын көтереді. Бұл туралы Bassport.kz сайты Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі журналист Маттео Мореттоға сілтеме жасай отырып хабарлады.
"Винисиус Жуниор "Реалмен" келісімшартын ұзартады. Келісім аяқталуға жақын. Қол қою үшін бірнеше ғана мәлімет қалды. Келісімшарт ұзартылады және клуб бразилиялықтың жалақысын көтереді", - деп жазды Моретто.
Испания чемпионатының ағымдағы маусымында 24 жастағы Винисиус Жуниор 26 матч өткізіп, 11 гол соғып, бес нәтижелі пас берді. Сондай-ақ, оның есебінде Чемпиондар лигасының 12 ойынында сегіз гол мен үш нәтижелі пас бар. Шабуылшының клубпен қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін есептелген.