Арман Момынов: Ақпан айында Қазақстанда екі ірі кәсіпқой бокс кеші өтеді
Қазақстан кәсіпқой бокс комиссиясының президенті Арман Мәлікұлы Момынов ақпан айында елімізде екі ірі кәсіпқой бокс кеші өтетінін мәлімдеді.
23 ақпанда Ақтау қаласында “ADAL Promotion” ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде екінші жартылай жеңіл салмақта (58,968 кг) қазақстандық Бекман Сойлыбаев (19-1, 10 KOs) танзаниялық Абейд Зугоға (15-0, 13 KOs) қарсы шығып, UBO World Super Featherweight Title белбеуін сарапқа салады.
Сондай-ақ, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионаттарының қатысушысы Нұрқанат Райыс кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Бұдан бөлек, жеңіліссіз келе жатқан Саматәлі Төлтаев (4-0, 1 KOs) Қазақстан чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасады.
28 ақпанда Астана қаласында “All Stars Boxing” промоутерлік компаниясы үшінші кәсіпқой бокс кешін ұйымдастырады. Кештің басты жекпе-жегінде 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өнер көрсетеді.
Co-main event-те қазақстандық Али Ахмедов (23-1, 17 KOs) тәжірибелі польшалық Мацей Сулецкиймен (32-3, 12 KOs) кездеседі.
Сонымен қатар, Ақтөбелік Нұртас Әжбенов (13-1, 4 KOs) ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға оралып, өзбекстандық Асадбек Мамаджоновпен (5-1, 2 KOs) қолғап түйістіреді.
Осы кеште Али Балоев (13-2-1, 8 KOs) 10 раундтық рейтингтік жекпе-жек өткізеді.
“Ақпан айында қазақстандық жанкүйерлерді үлкен кәсіпқой бокс кештері күтуде”, – деді Арман Момынов.