Фарм-команда және «Астана Жастар» ойыншыларына арналған шеберлік сабағы өтті

Фарм-команда және «Астана Жастар» ойыншыларына арналған шеберлік сабағы өтті
Баскетбол

БК “Астана”

Елордадағы Баскетбол академиясында «Астана» фарм-командасы мен «Астана Жастар» ойыншыларына шеберлік сабағы өтті.

Іс-шара барысында баскетболшылар ВТБ Бірыңғай лигасының медиа-регламентімен танысып, журналистермен дұрыс сұхбаттасу, қолайсыз сұрақтарға жауап беру тәсілдерін үйренді. Сонымен қатар, БАҚ-та жеке бренд қалыптастырудың маңыздылығы талқыланды.

Спикерлер ретінде «Sport Plus Qazaqstan» интернет-порталының бас редакторы, «Qazsport» телеарнасының комментаторы Дмитрий Нестеренко және «Хабар» телеарнасының тілшісі, «Nur.kz» порталының редакторы Зарина Құсанова сөз сөйледі. Олар редакторларды өзіне тарту жолдарын түсіндіріп, ойыншылардың сұрақтарына жауап берді.

Шара соңында стресстік сұхбат өткізіліп, жас спортшылардың жаңа білімдері тексерілді. Амирали Сүлейменов, Илья Пестов, Глеб Есенжолов және Ислам Жәрекенов тапсырмаларды сәтті орындады.

«Астана» ойыншысы Амирали Сүлейменов:

– Шеберлік сабақ өте пайдалы әрі қызықты өтті. Дмитрий Нестеренко – өз ісінің маманы, бізге сұхбат беру, ойды дұрыс жеткізу және камера алдында өзін ұстау туралы көптеген құнды кеңестер берді. Журналистика саласында кездесетін қиындықтардан сақтандырды. Біз, сонымен қатар, «Жастар» командасымен блиц-сауалнамада тәжірибе жинадық. Барлығы ойдағыдай өтті, бірақ әлі де үйренетін нәрсе көп.

«Астана Жастар» ойыншысы Никита Дружок:

– Академияда өткен бұл шеберлік сабақ біз үшін өте пайдалы болды! Осындай құнды ақпаратты тыңдап, жаңа нәрселерді үйренуге мүмкіндік берген клубқа алғысымыз шексіз. Мұндай шаралар біздің өсуімізге және одан әрі дамуымызға үлкен мотивация береді.

«Астана Жастар» ойыншысы Арсен Талғатов:

– Семинар біз үшін тиімді болды. Қалай өз беделімізді сақтап, аудитория алдында жақсы қырынан көрінуді меңгердік. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды.

«Астана» баскетбол клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ.

Серіктес – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры».