«Астана» Ақкөлде әлеуметтік акция өткізді

«Астана» Ақкөлде әлеуметтік акция өткізді
Баскетбол

БК “Астана”

27 желтоқсан күні “Астана” баскетбол клубының ойыншылары мен жаттықтырушылары Ақмола облысы білім басқармасының “Арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығында” әлеуметтік акция ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – осы орталықтың балалар баскетбол командасымен кездесу болды. Бұл команда бұған дейін “Үміт Кубогы” турнирінде жүлделі орындарға ие болған.

Бұл акция “Астана” баскетбол клубының серіктесі – “Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры”-ның қолдауымен өтті.

Кездесу барысында елордалық баскетболшылар орталық тәрбиеленушілері үшін арнайы жаттығу өткізді. Оны бас бапкердің міндетін атқарушы Глеб Плотников пен жалпы физикалық дайындық жаттықтырушысы Роман Лавров бастады. Олар балаларға ойындарға дайындалу үшін маңызды жаттығуларды көрсетті. Кейін Глеб Плотников баскетбол техникасын үйретіп, ойын терминдерін түсіндірді.

Жаттығудан кейін клуб ойыншылары балаларға өз шеберліктерін дамытуға көмектесті. Шара соңында достық кездесу ұйымдастырылып, жас спортшылар кәсіби ойыншылармен бірге алаңда өнер көрсетті.

Балалардың қызығушылығы зор болғаны соншалық, команда кездесуден кейін де олармен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап берді. Клуб өкілдері орталыққа арнайы қолтаңбасы бар доп, спорттық құрал-жабдықтар мен киім сыйлады.

Глеб Плотников, “Астана” БК бас бапкерінің м.а.:

– Бүгін тамаша күн болды. Осындай шараларда балаларға тәжірибе бөлісу, олардың қуанышын көру – ерекше сезім. Бұл іс-шараларды болашақ ұрпақ үшін өткіземіз. Баскетболды насихаттап, үлгі көрсету – біздің міндетіміз.

Рустам Мурзагалиев, “Астана” БК капитаны:

– Кеше ғана ұшып келіп, бүгін осындай керемет шарада балаларды қуанттық. Мұндай кездесулерге әрқашан қуана қатысамын, өйткені олар жаңа эмоциялар сыйлайды.

Данил Жандаров, орталық тәрбиеленушісі:

– Біз бұл күнді асыға күттік. Жақсы уақыт өткіздік, жаңа нәрселер үйрендік. Маған ең қатты ұнағаны – жаттығу жасау, өйткені барлық бұлшықетті қозғалту маңызды.