Алматыда 20 жастағы боксшыны пышақтап кеткен
Әлеуметтік желі
Алматыда 20 жастағы кикбоксшы Әли Серіктің мәйіті табылды. Оны таныстары пышақтап кеткен, деп хабарлайды BasSport.kz 1bol-ға сілтеме жасап.
«20 жастағы азаматтың өліміне байланысты Наурызбай ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады», - деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.
Күдікті «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, таныстар арасында жанжал туындап, оның салдарынан біреуі пышақ қолданған. Қылмыс құралы тәркіленді.
Айта кетейік, Әли Серік — жеңіл салмақта (58 кг) өнер көрсеткен 20 жастағы кикбоксшы, халықаралық турнирлерде ел намысын қорғаған спортшы. 2023 жылы 12 мамырда ол Бангкок қаласында өткен ONE Lumpinee: Friday Fights 16 турниріне қатысып, Қытай спортшысы Хо Сяолунмен кездескен. Өкінішке қарай, Әли бірінші раундтың 56-секундында нокаутпен жеңілді.
Кикбоксингтен бөлек, Әли Серік бразилиялық джиу-джитсумен де айналысқан. 2023 жылғы 27 мамырда ол Астанада өткен AJP Tour Astana International Jiu-Jitsu Championship 2023 турниріне қатысқан.