QJ League Қостанайда қайырымдылық шарасын өткізді
QJ League
10 желтоқсанда QJ League жасөспірімдер футбол лигасының өкілдері Қостанай қаласындағы “Жанұя” балалар үйіне барып, тәрбиеленушілерге көмек көрсетті.
Лига қарашада өткен екінші маусымның жабылу салтанатында өткізген қайырымдылық аукционының нәтижесінде балалар үйін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге уәде берген еді.
Уәде орындалып, балалар үйіне жаңа кереуеттер, дивандар, электр плиталары мен компьютерлер жеткізілді. Отбасылық типтегі ауылда тұратын 42 баланың жағдайы лиганың қолдауының арқасында айтарлықтай жақсарды.
Сонымен қатар, балалар үшін “Тобыл” манежінде мастер-класс ұйымдастырылды. Оған QJ League амбассадоры, Қазақстан құрамасының қорғаушысы Роман Асранқұлов пен Қостанай клубының жас ойыншылары, соның ішінде лига қатысушылары Иван Пивоваров пен Евгений Коняшкин қатысты. Олар балалармен футбол ойнап, тәжірибелерімен бөлісті.
Әр балаға QJ League логотипі бар футболкалар, спорттық киімдер мен тәттілер сыйға тартылды.
QJ League қайырымдылық іс-шараларын тұрақты түрде өткізеді. Бұған дейін Қарағандыдағы балалар үйіне көмек көрсетіп, биылғы су тасқынынан зардап шеккендерге 5,5 миллион теңгеден астам қаржы жинаған еді. Лига өкілдерінің айтуынша, қайырымдылық шаралары жалғасын табады.