«Жеңісті өз қолымызбен беріп қойдық». Әділ Бекетаев «Барыс» жеңілісінің себебін түсіндірді
«Барыс» ХК
Бүгін «Барыс» өз айдынында «Авангардты» қабылдады әрі клуб 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Арена жанкүйерге лық толы болған матчта айдын иелері жеңіске жақын болған. Алайда қарсылас үшінші кезеңде қарқынын күшейтіп, есепті теңестіріп, овертаймда жеңісті жұлып алды. Ойында жеке шеберлігімен көзге түсіп, «Барыстың» екінші шайбасын соққан қорғаушы Әділ Бекетаев матчтан соң BasSport.kz сұхбат берді.
- Әділ, ойынның алғашқы кезеңін команда жақсы өткізді, алайда үшінші жиырма минуттықта қарсылас екі гол соқты. Не себеп болды?
- «Авангард» матч бойы шайбаны өз бақылауында ұстады, олардың мүмкіндігі көп болды. Әр қарсыласымызбен ойын осылай өтеді. Біз шыдамдылық танытып, қорғаныста жақсы ойнадық, өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асырдық. Матч соңында өз ойынымызға немқұрайды қарадық, еңбегіміз текке кетті. Қарсылас қақпамызға үш гол соқты. Егер шындап қарайтын болсақ, шайбалардың бірде-біреуін жібермеуіміз керек еді. Ойынды, жеңісті өз қолымызбен беріп қойдық.
- Сіздің жеке шеберлігіңізбен көзге түскен сәтіңізді атап өту керек шығар?
- Қарсылас команда мұндай жағдай болады деп күтпеді, маған қарсы нашар ойнады. Гол соққаным, әрине, қуантады. Алайда бұл маңызды емес, себебі тек бір ұпай олжалай алдық.
- Қарсыласты жалғыз өзің алдап өту – бұл сәт бұрын шабуылшы болғаныңыздың арқасында болды ма?
- Жоқ, ойындағы жағдай. Матч кезінде түрлі мүмкіндіктер пайда болады, қалай әрекет ету керектігін өзің шешесің. Бос аймақ көп болды, қарсыласты алдауға бел будым, қолымнан келді.
- «Барыстың» өз айдынындағы матчтар сериясы жайлы: «Металлургпен» қиын кездесу, «Амурдан» жеңілу және «Авангардпен» овертаймда ойнау. Команда дағдарыстан шықты деуге бола ма?
- Мәселе дағдарыста емес, біздің шеберлігіміз бен тәжірибемізде. Командаға жаңадан ойыншылар қосылды, жалпы қазақстандық хоккейшілерге енді мүмкіндік беріле бастады. Осындай матчтарды соңына дейін жеткізіп ойнауымыз үшін уақыт керек болар. Бүгін жеңіске жетуге жақын болдық. Алайда тағы да осындай ойындарды соңына дейін жеткізуімізге шеберлік жетіспейді.
- Бүгін арена көптен бері алғаш рет жанкүйерге лық толы болды. Қандай әсер сыйлады?
- Жеке өз басым туралы айтсам, «Барыс Аренаға» осыншама жанкүйер жиналғанын алғаш рет көрдім. Жақсы әсер алдық, матчта жеңіске жетуге міндетті болған едік. Жанкүйерлерге көрсеткен қолдауы мен клубқа осындай атмосферада ойнауға мүмкіндік бергені үшін алғыс ғана айта аламыз. Командаға жанкүйерлеріміз тағы бір мүмкіндік беріп, дәл осылай аренаға жиналып, ал біз оларды жеңіспен қуанта аламыз деп үміттенемін.