Жан-Әли Пайрузға БАТЭ қызығушылық танытуда
Фк «Елімай»
Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Жан-Әли Пайруз қысқы трансфер кезеңінде "Елімай" клубынан кетуі мүмкін. Бұл туралы Bassport.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Пайруз биылғы Қазақстан чемпионатында жақсы өнер көрсетті: 16 матчта бір гол соғып, бес нәтижелі пас берді. Сонымен қатар, жартылай қорғаушы алғаш рет Қазақстан құрамасында Словенияға қарсы Ұлттар лигасы ойынында дебют жасады.
Қазіргі таңда 25 жастағы футболшыға Беларусь елінің атақты клубы БАТЭ қызығушылық танытуда. Борисов қаласындағы бұл команда Пайруз туралы ақпаратты зерттеп, жыл соңына дейін оған ресми ұсыныс жасауы мүмкін.
Айта кетейік, беларусьтің ең танымал клубтарының бірі саналатын БАТЭ 15 мәрте ел чемпионы атанған. Қазіргі таңда БАТЭ Беларусь чемпионатында 7-орында тұр.