Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президентін «Достық» орденімен марапаттады

Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президентін «Достық» орденімен марапаттады
Дзюдо

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визерді қабылдады деп хабарлайды Bassport.kz

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, Тоқаев дзюдоның Қазақстандағы дамуына қосқан үлесі үшін Визерге алғыс білдірді. Президенттің айтуынша, бұл спорт түріне, әсіресе, балалар мен жастар арасында қызығушылық жоғары.

Кездесу барысында Тоқаев Қазақстан мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Бүгінде елімізде 160 мыңнан астам адам дзюдомен айналысуда. Спорттық секциялар мен жаттығу орталықтары кең таралған, оның ішінде балаларға арналған бөлімдер де бар. Президент Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтің жеңісін мақтан тұтатынын айтып, федерациямен байланыстарды нығайтуға дайын екенін жеткізді.


Өз кезегінде Мариус Визер Қазақстанда дзюдоға көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысын білдіріп, спорттың адам тәрбиесі мен қоғамдағы үйлесімділікті арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Визердің мәлімдеуінше, Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының қолдауымен IJF Академиясы ашылып, ол жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлайтын орталыққа айналмақ.

Кездесу соңында тараптар ұзақмерзімді ынтымақтастықтың перспективаларын және 2027 жылы Қазақстанда өтетін дзюдо бойынша әлем чемпионатына дайындық мәселелерін талқылады. Президент Тоқаев дзюдоны дамытуға қосқан үлесі үшін Мариус Визерді «Достық» орденімен марапаттады.