ҚФФ Какамен келісімшартты 2026 жылға дейін ұзартты

ҚФФ Какамен келісімшартты 2026 жылға дейін ұзартты
Футзал

ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Какамен серіктестікті әрі қарай жалғастырады, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов жаңа келісімшарттың 2026 жылдың соңына дейін созылатынын айта келе, бас бапкерге сенім артатынын жеткізді. 

«Өзбекстанда өткен әлем чемпионаты біздің команданың кез келген қарсыласқа қабілетті екенін көрсетті. Турнирдегі сәтті өнерінің арқасында біздің команда әлемнің үздік бестігіне енді. Сондай-ақ дүбірлі дода жастарымыздың әлеуеті зор екенін көрсетті. Бұл елімізде футзалдың дұрыс дамып келе жатқанын көрсетеді. Бас бапкер Пауло Рикардо Кака мырзаның қосқан үлесі зор. Алда Литва мен Латвияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі. Біздің міндет – Еуроның финалдық кезеңіне шығу. Кака бапкердің басшылығымен біздің жігіттер осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін салатынына күмәнім жоқ», - деді ҚФФ президенті. 

Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака Қазақстан футбол федерациясы және Қазақстан футзал қауымдастығына қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін алғысын білдірді. 

«Қазақстан құрамасы тек ең жоғары мақсатты алға қояды. Біз 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз», - деді ол. 

Еске сала кетейік, Пауло Рикардо Кака Қазақстан құрамасын 2018 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен ел құрамасы 2021 жылғы әлем чемпионатында төртінші орын алды. Бұл - әлем чемпионаттарына қатысу тарихындағы ең үздік жетістік. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы алғаш рет UEFA рейтингінде екінші, FIFA рейтингінде бесінші орынға көтерілді.