ҰОК Парижге аккредитация алмаған Сметов пен Тұрсыновтың бапкерін қатарға қосты
ҰОК
Париж-2024 (Франция) Олимпиадасында Қазақстан командасына 67 бапкер мен құрамына дәрігерлер, массажшылар және психологтар енетін кешенді ғылыми топтың 15 мүшесі қолдау көрсетеді.
Команданы сүйемелдейтін тұлғалардың саны алғаш рет қатысушылар санынан артып отыр. Қосымша аккредитацияларды қайта жоспарлау кезінде спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне тікелей әсер ететін кәсіби мамандар - бапкерлер құрамы мен спорттық дәрігерлерге басымдық берілді.
«Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы тарихында бапкерлер мен дәрігерлер саны спортшылар санынан асып түскен емес. Сүйемелдеуші тұлғалардың аккредитациясы тек қана Олимпиада ойындарына қатысатын атлеттердің санына байланысты бөлінген болатын. Алайда, Ойынды ұйымдастыру комитетінің жаңарған санау жүйесі, сондай-ақ, ҰОК пен Қазақстан туризм және спорт Министрлігінің бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында барлық спортшының жеке жаттықтырушысын жүйеге енгізу мүмкіндігі пайда болды.
Енді спортшылардың жеке бапкерлері де ұлттық құраманың бас бапкерлерімен бірге жарысқа қатыса алады. Қайталап айтамын, бұрын-соңды мұндай болған емес. Тіпті, кейбір Олимпиада ойындарына Парижден әлдеқайда көп атлет қатысса да, мұндай жағдай тіркелмеген. Одан бөлек, ұлттық құраманың үздік спортшылары Елдос Сметов (дзюдо) пен Нұрсұлтан Тұрсыновтың (грек-рим күресі) жеке бапкерлері алғашқы кеңейтілген тізімге енбей қалғанын да айту керек. ҰОК-тің Париж-2024 Ойындарын ұйымдастыру комитеті және ХОК-пен жүргізген ұзақ келіссөздерінің арқасында аталған жаттықтырушыларды аккредитациядан өткізуге келісім берілді. Ал атлеттер үшін жеке бапкерлерін алмастыратын ешкім жоқ екенін ұмытпау керек.
Олимпиада кезінде Ойынды ұйымдастыру комитетімен арадағы барлық қарым-қатынас тікелей ҰОК арқылы өрбиді және менің әріптестерім бұған тас-түйін дайын. Париж ойындарында ұлттық құраманың жұмысын үйлестіруге ҰОК-тың жеті қызметкері жұмылдырылған және олардың әрқайсысында өзіндік жауапкершілік аймағы бар. Олар техникалық және логистикалық көмек көрсету, жаттығу кестесі мен тасымалдауды реттеу, жарысқа тіркеу және тағы да басқа көптеген жұмысты атқару арқылы спорттық делегацияға жайлы жағдай жасайды. Қызметкерлер тәулік бойы ұйымдастыру комитеті және ХОК өкілдерімен тікелей байланыс ұстап отыр. Кез келген спортшы мен кез келген делегация өкілінде біздің мамандар шешетін шұғыл мәселелер туындауы мүмкін», - дейді олимпиадалық ауылға жауапты Қазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.
Айта кетелік, ҰОК басшылығы Олимпиада ойындарына Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыруымен келді және жарыстан бөлек, ХОК, АОК, халықаралық федерациялар, сондай-ақ, өзге елдердегі ҰОК өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 35-тен аса кездесу жоспарланып қойды.
Сонымен қатар, делегация құрамына 16 спарринг-серіктестің енгенін айта кету керек. Олар жекелеген спорт түрлері бойынша сынға түсетін атлеттерімізге олимпиадалық жарыс өтетін аймақтарда көмектесетін болады. 2024 жылғы Олимпиада ойындарына 25 спорт түрінен 80 қазақстандық атлет іріктеуден өтті.
Фото: Сали Сабиров