Он жасар Алдияр еліміздің көк туын биікте желбіретсем дейді

Он жасар Алдияр еліміздің көк туын биікте желбіретсем дейді
Жекпе-жек

Алдияр Семейхан 10 жасында каратеден сары белбеу иегері атанған. Ол биыл Өскемендегі №45 орта мектебінің 5-сыныбын бітірді. Біліммен қатар спортқа да құмар жас өрен жаттықтырушысы Данияр Абатұлымен республикалық додаларда топ жарып, олжа салып жүр, деп хабарлайды BasSport.kz.

Бұл спорт түрін ерекше жақсы көретін Алдияр осы күнге дейін бірде-бір жаттығудан тыс қалған емес. Бос уақытында үнемі шынығып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге тырысады. Оның алға қойған мақсаты - қазақ елінің көк туын әлемдік ареналарда желбірету.

– Бұл спорт түріне өз қалауыммен келдім. Каратеге дейін футболға, суда жүзуге қатыстым. Ұл болған соң, карате жаныма жақын екенін түсіндім. Ата-анамның, жаттықтырушымның қолдауының арқасында сенімім артты. Менің кумирім – жаттықтырушым. Ол кісіден үлгі аламын. Болашақта әлемге Қазақстанды әйгілегім келеді. Ол үшін аянбай еңбек етемін. Елімнің үмітін ақтайтын чемпион боламын! – дейді сары белбеу игері Алдияр Семейхан.

Спортқа деген қызығушылық Алдиярға әкесінен дарыған. Әкесі - Қуаныш Семейханұлы мықты волейболшы. Қазір ол «Берел» әйелдер командасының бапкері. «Берел» – республикалық жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген команда. Мамыр айында Қуаныш Семейханұлы жаттықтырған волейболшы қыздар Қазақстанның атынан Азия чемпионатына қатысып қайтты. Филиппинде өткен байрақты бәсекеде капитан Сана Анарқұлова бастаған біздің қыздар күміс жүлдегер атанды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, әкенің ісін абыроймен жалғастырып жүрген Алдиярдың болашақта чемпион болары сөзсіз. Жас өренді баптауда Данияр Байжуменовтің де еңбегі зор. Бала бойында спортқа деген сүйіспеншілікті оятып, жеңіс пен жеңілісті қабылдауға үйрету шеберлікті қажет етеді. Жас спортшылардың физикалық, психологиялық тұрғыдан мықты болуы жаттықтырушыға тікелей байланысты екенін айта кеткен жөн.