«Ақтөбе» мен «Астана» командаларының эмблемасын таптаған Игитаның басы дауға қалды

«Ақтөбе» мен «Астана» командаларының эмблемасын таптаған Игитаның басы дауға қалды
Футзал

Sportarena.kz

Футзалдан Қазақстан құрамасының қақпашысы және «Қайрат» АФК ойыншысы Лео Игитаның басы дауға қалды, деп хабарлайды BasSport.kz. 

Желіде спортшының автобусқа барар жолда еліміздегі екі үздік клубтың эмблемасын басып өткен видеосы тарады. Қазақстандық жанкүйерлер Игитаның бұл әрекетін сынға алды. Әсіресе «Ақтөбе» мен «Астана» футбол клубының жанкүйерлері наразылығын білдіріп, федерация басшылығынан футзалшыны жазалауды талап етті. 

Лео Игита екі клубтың жанкүйерлерінен осы әрекеті үшін желіде кешірім сұрап, жазба жариялады.

«Мен «Ақтөбе» мен «Астана» жанкүйерлерінен екі клубтың эмблемасын таптағаным үшін кешірім сұраймын. «Қайрат» жанкүйерлерінің бұл әрекетін түсінген жоқпын. Барлығы қас-қағым сәтте болды, видеоны көргеннен кейін ғана аяғымның астында жатқан «Ақтөбе» мен «Астананың» эмблемалары екенін түсіндім. Мен Қазақстан футзалын жақсы көремін және осы спорт түрінің елімізде дамып келе жатқанына қуанамын. Әсіресе, футзал мен футболдан «Ақтөбе» жанкүйерлерінің қолдауы керемет. Футзалға деген құштарлығы үшін ақтөбеліктерге алғысым шексіз. Абайсызда болған келеңсіз жағдай үшін тағы да кешірім сұраймын, - деді Лео Игита. 

Айта кетейік, бразилиялық ойыншы 2011 жылдан бері «Қайраттың» намысын қорғап жүр. Ол Қазақстан құрамасында 2013 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Сондай-ақ Игита 5 рет футзалдан әлемнің үздік қақпашысы атанған (2015, 2016, 2018, 2019 және 2020).