"Азия чемпионаты оңай болған жоқ": Әлия Юсупова Таниеваның Олимпиадаға дайындығы жайлы айтты

Гимнастика

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова ел біріншілігін қорытындылап, Эльжана Таниеваның алдағы дайындық жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Olympic.kz.

Айта кетелік, Астанада өткен Қазақстан чемпионатында Таниева бірінші орын иеленді.

"Жақында ғана лицензиялық Азия чемпионаты өтті. Аталған бәсеке физикалық және эмоционалдық тұрғыдан бізге ауыр соқты. Әсіресе, Эльжанаға оңай болған жоқ. Ол квота алу үшін бар күшін салып, жауапкершілікті абыроймен атқарып шықты. Міне, сол жарыстан соң бірден Қазақстан чемпионатына қатысып отыр. Барлығын сәтті орындап, жеңіске жетті. Күміс медальді Милана Парфилова, қола жүлдені Айбота Ертқайқызы жеңіп алды.
Енді Таниеваның бағдарламасын өзгертіп, қиындатамыз. Олимпиадаға дайындық басталады, бар күшімізді саламыз. Қазақстан намысын абыроймен қорғау үшін аянып қалмаймыз. Маусым айының екінші жартысында Миланда (Италия) әлем кубогі өтеді. Сол бәсекеде жаңарған, қиындаған бағдарламаны бақылап көреміз. Содан соң, әрі қарай кем-кетігімен жұмыс істейміз", - деді Юсупова.