"Салмақ ауыстыруды ойлағаным жоқ": Азия чемпионы Ержет Жарлықасын сұхбат берді

Күрес

Грек-рим күресінен Азия чемпионы атанған Ержет Жарлықасын Бішкектегі турнирге өз бағасын беріп, алдағы жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды Olympic.kz.

Ержет Жарлықасын өз мансабында алғаш рет Азия біріншілігіне қатысып, бірден алтын медаль иеленді.

«Ұлттық құрама сапында ірі жарыстарға енді қатыса бастадым. Бұған дейін Венгриядағы турнирге қатысып, жеңіліп қалған едім. Азия чемпионатына дайындығым жақсы өтті. Үш ай бойы жаттығу жиынын өткізіп, бабымызға ендік.

Бішкек төріндегі белдесулерге келер болсам, жартылай финал және финалдағы қарсыластарым қиындық тудырды. Жартылай финалда кездескен Солтүстік Корея балуаны физикалық тұрғыдан өте мықты екен.

Ешкім жарысқа жеңілемін деп келмейді. Бәрімізде де алтын алсақ деген арман бар. Бұл жетістігіме бапкерлерім де, ата-ана, туыстарым да қуанып жатыр. Бірақ өзімн жеңіске жетіп, чемпион атанғанымды қатты сезіне қоймадым. Мүмкін, шаршағаным әсер еткен шығар.

Енді мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық. Алда әлем чемпионаты бар. Сол сынға қатысып, абыроймен оралсам деген ойым бар.

Менің салмағым Олимпиада бағдарламасына енбейді. Басқа салмаққа ауыса қоятын ойым да жоқ. Әлі төрт жыл бар ғой, бапкерлермен ақылдасып, оны да ойланып көрерміз», - деді Ержет.