Түркістан облысы Велоспорт федерациясының президенті тағайындалды

Түркістан облысы Велоспорт федерациясының президенті тағайындалды
Велоспорт

Түркістан облыстық әкімдігі

Түркістан облысы Велоспорт федерациясының президенттігіне Алмасхан Жамбаев тағайындалды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Алмасхан Бегежанұлы Жамбаев Шардара ауданының Шардара ауылының тумасы, Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептің түлегі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, ол Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің «Құрылыс материалдары бұйымдарын және конструкцияларын өңдеу» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Сонымен қатар «Техника және технология магистрі», «Экономика магистрі» академиялық дәрежелерін иеленген.

Қазірге дейін оның жетекшілігімен көптеген нысандар мен ғимараттардың негізі қаланды. Атап айтсақ, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени нысандарды тұрғызу және абаттандыру жұмыстары, инженерлік инфрақұрылымын салу, сондай-ақ Түркістан облысындағы су шайған бөгеттерді қалпына келтіру, Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданның инженерлік инфрақұрылымдарын жобалау мен құрылысын жасау сынды ірі жұмыстар жүзеге асырылды, - делінген мәліметте.

Түркістан облысы бойынша волонтерлік және демеушілік бағытында 25-ке жуық жобаның жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындаған.

Былтырдан бері Түркістан облысы Шардара ауданының мәслихат депутаты қызметінде.