Сметов, Қырғызбаев, Қуанов, Серікбаев татамиге шығады
Бүгін Париж қаласында дзюдодан Grand Slam жарысы басталады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлер 60 және 66 келіде, ал қыздар 48 бен 52 келі салмақта күреседі. Қазақстан атынан төрт дзюдошымыз татамиге шығады. Тартылған жеребеге сәйкес 60 келіде Нұрқанат Серікбаевтің алғашқы қарсыласы – өзбекстандық дзюдошы Достон Рузиев. Ол былтыр Астанадағы және Ташкенттегі Grand Slam жарыстарында қола жүлдегер атанған еді. Егер Нұрқанат Рузиевті жеңсе, екінші айналымда тайпейлік Чонг Ю Линь болмақ. Линь де Нұрқанат сияқты 2019 жылы Алматыда кадеттер арасында әлем чемпионы атанған болатын.
Елдос Сметов жарыстың бірінші айналымында Африка чемпионатының күміс жүлдегері 21 жастағы мысырлық Адел Хамадамен кездеседі. Сметов қарсыласынан басым түссе, екінші айналымда кәріс балуаны Ли Ха Риммен жолығады. Оңтүстік кореялық дзюдошы – әлем чемпионатының жүлдегері, былтырғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
66 келіде ел намысын Ғұсман Қырғызбаев пен Есет Қуанов қорғайды. Ғұсман алғашқы айналымда конголық Крист Мупатамен кұреседі. Оны жеңсе, италиялық Фабио Базиле және Джоширо Маруяма жұбының жеңімпазымен татамиге шығады.
Есет Қуановтың бірінші қарсыласы – Панамерика ойындарының жеңімпазы венесуэлалық Виллис Гарсиа.