Жасөспірімдер Олимпиадасы: хоккейден қола жүлдегерлер елге оралды

Жасөспірімдер Олимпиадасы: хоккейден қола жүлдегерлер елге оралды
Қысқы спорт
Футбол

Астана қалалық әкімдігі

Астана қаласындағы халықаралық әуежайында 3×3 хоккейден алғаш рет қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында қола жүлдегер атанған спортшыларымызды салтанатты түрде қарсы алды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып BasSport.kz хабарлайды.

Құрама сапында Астана қаласының 9 спортшысы өнер көрсетті. Олар: Никита Кулаков, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Жахангер Тілеухан, Таир Бигаринов, Әділхан Тілеухан, Бексұлтан Мақыш, Арман Төлен және Әнуар Ахметжанов.

Жасөспірімдер Олимпиадасында алғаш рет бақ сынап, барлық қарсыласымызбен соңына дейін айқастық. Алғашқы Польшамен өткен кездесуде ірі жеңіске жеткенімен, Австриямен теңдей ойында 8:9 есебімен жеңілдік. Бірінші жеңіліс командамызға эмоциялық тұрғыда әсер етті. Дегенмен қола жүлде үшін ойында қайта жолығып, есемізді қайтара алдық. Қандай қорытынды шығаруға болады?
Салыстырмалы түрде біз Латвиядан кейін ең көп 104 шайба соққан команда атандық. Әйтсе де, көптеген мүмкіндіктерді қолдана алмадық. Кемшілігіміз — қорғанысымыздың тұрақсыздығы. Себебі, 9 ойында қақпамызға 83 шайба өткізіп алдық. Тіпті чемпион атанған Латвиямен бірінші кезеңде ұтқанымызбен, кейін бірнеше шайба жібердік.
Жалпы, Олимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасының тізіміне еніп, ел намысын қорғағанымды мақтан тұтамын! — деп хоккейші Жаһангер Тілеухан ойын білдірді.

Айта кетейік, 3×3 хоккейден жасөспірімдер Олимпиадасында бірінші рет жүлде жиынтығы сарапқа салынды.