Жеңілмеген қазақстандық боксшы чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді

Жеңілмеген қазақстандық боксшы чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді
Бокс

@irfin_group

Қазақстандық жеңілмеген боксшы Елшат Нығметолла жеңіл салмақтағы WBA Asia ұйымының бос тұрған чемпиондық белбеуі үшін шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның қарсыласы – Таиланд өкілі Танес Онгджунта. Жекпе-жек 25 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. 

WBA ресми сайты Нығметолла мен Онгджунта арасындағы титулдық кездесу туралы ресми хабарлады. Елшат Нығметолла кәсіби мансабында 21 жеңіс, 3 тең нәтиже көрсетіп, әлі күнге дейін жеңілістің дәмін татпаған. Оның сегіз жеңісі нокаутпен аяқталған. Жанкүйерлер арасында ол «Қазақ жауынгері» деген лақап атпен танымал. 

WBA Asia белбеуін жеңіп алу Нығметолла үшін халықаралық рейтингтегі орнын жақсартып, ірі чемпиондық айқастарға жол ашуы мүмкін. Ал қарсыласы Танес Онгджунтаның еншісінде 14 жеңіс және 2 жеңіліс бар. Оның да сегіз жеңісі мерзімінен бұрын аяқталған. Бұған дейін ол WBA Asia ұйымының аса жеңіл салмақтағы чемпионы болған. Бұл жолы Нығметолламен кездесу үшін жоғары салмақ дәрежесіне көтерілді. 

Нығметолла мен Онгджунта арасындағы кездесу Алматыдағы ірі бокс кешінің бір бөлігі болады. Кештің басты кардында қазақстандық Әли Ахмедов оңтүстікафрикалық Асемахле Веллеммен IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді.