«Семей» клубы бразилиялық ойыншыны қатарына қосты

«Семей» клубы бразилиялық ойыншыны қатарына қосты
Футзал

«Семей» футзал клубы

«Семей» футзал клубы бразилиялық спортшы Лукас Матеус де Кампоспен келісімшарт жасады, деп жазады Bassport.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Клуб үшін бұл Латын Америкасынан келген ойыншының бесінші трансфері. 21 жастағы шабуылшы бұған дейін Чопинзиньо, Эс Мадурейра және Пинда сияқты клубтарда ойнаған.

Сондай-ақ, Лукас Матеус де Кампос 2019 жылы Кариока Чемпионатында және BR Кубогында жақсы өнер көрсетті, 2022 жылы Бразилия Кубогының арнайы дивизионы атағына ие болды.

«Мен бұл командаға қосылуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын және команда мені жылы қабылдап, алғашқы кездесуде жағымды әсер қалдырды. Мен Қазақстанда ойнап жүрген бразилиялық футзалшылармен хабарласып, біз Семейде жаңа жобаны талқыладық. Бұл мен үшін өте үлкен мүмкіндік және команда өте маңызды сәттің алдында тұрғанына сенімдімін. Мұндағы басты мақсатым - Қазақстан чемпионы болу. Менде қазір мотивация, ниет бәрі бар және мен осы мақсатқа жету үшін бар күшімді салуға дайынмын», - деді Лукас Матеус де Кампос.
"Біз үшін бұл трансфер – "Семей" клубын дамыту жөніндегі үлкен стратегияны іске асырудағы тағы бір қадам және еліміздің футзалына қосқан үлесі. Қазірдің өзінде біздің ойыншылар нәтижелерге қол жеткізуде, қызықты әрі еліктірер ойын көрсетеді. Лукас команданы лайықты толықтыра алатынына және онымен "Семей" ФК үлкен биіктерге жететініне, UEFA Чемпиондар Лигасына шығатынына және осы турнирде өз орнын алатынына сенімдімін. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионаты мен кубогы үшін лайықты күресетін болады."- деп CEO EA Group Holding, "Семей" ФК иесі Ерік Әубәкіров пікір білдірді.

Айта кетейік, «Семей» футзал клубы жарты жыл бұрын құрылды және беделді Қазақстан Кубогында күміс медальдарға қол жеткізіп үлгерді. Қазақстан чемпионатында «Семей» футзал клубы турнир кестесінде үшінші орынға тұрақтап, клубтың ерекше деңгейін көрсетті.

Қазіргі уақытта футзал клубы футзал аренасына кіріп қана қоймай, бірден ұлттық жарыстарда жоғары орындар үшін күресуге қабілетті қарқынды қарсыласқа айналды.