Талдықорғанда Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир өтті
Жеңіс Ысқабай
Журналистер арасындағы республикалық жарыс биыл үшінші рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Белгілі тележурналист Бейсен Құранбекті еске алуға арналған іс-шараны өткізу Жетісу облысында дәстүрге айналған.
Биыл үшінші рет жалауы көтерілген журналистер арасындағы аяқдоп жарысы соның бір мысалы.
Жыл сайын 9 желтоқсан — Бейсен Құранбектің туған күні қарсаңында өтетін шағын футбол жарысына әр облыстан келген 8 команда қатысты.
Екі күн бойы Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы жастар спорт сарайында жүлделі орындарды сарапқа салған командалар арасынан «Qaz365.kz» командасы суырылып шығып, 1-орынды иеленді.
2-орын талдықорғандық «Қарекет» командасына бұйырса, 3-орынды «Алматы-Сәнік» командасы қанжығаға байлады.
Ал төртінші орын «J-19» командасына бұйырды.
Турнирде үздік өнер көрсеткен жекелеген ойыншылар да марапатталды.
Мұнан бөлек, журналист Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы арнайы жүлде — Арай Есенбекке, ал Сайын Тұрсынов атындағы тағы бір арнайы жүлде — Жандос Айтбайұлына табысталды.