Магомед Адиев: Финляндияға қарсы матчта толықтай қорғаныста отырмаймыз

Магомед Адиев: Финляндияға қарсы матчта толықтай қорғаныста отырмаймыз
Футбол

ҚФФ

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Финляндиямен өтетін ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, маңызды матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BasSport.kz.

– Магомед Мұсаұлы, Даниядан жеңілгеннен кейін команданың функционалдық және эмоционалдық жағдайы қалай?

– Әрине, жеңіліс біздің намысымызға тиді. Біз Даниядағы ойынымыз үшін құрметке лайық едік. Жігіттердің уайымы бар екенін байқаймын, алайда өткен ойынды ұмытып, финдерге қарсы дайындалу керек екенін айттық. Ешқандай мәселе болмауы керек.

– Ойынға қорғаныс жоспарын дайындап жатырсыз ба, әлде Финляндияны таңғалдыруға тырысасыз ба?

– Толықтай қорғаныста отыра бермейміз. Маңызды үш ұпайдың тағдыры шешілетін ойын. Команданың құрамында өзгерістер болады, бұл жоспарланған ротация. Күшімізді тең бөлуге тырысамыз.

– Финляндиямен өтетін ойынға Александр Зуев алаңға шығуы мүмкін бе?

– Зуев өзін жақсы сезінеді, бірақ Алматыда біраз жайсыздықтар болған-ды. Даниямен ойын алдында оның шығуы туралы ойлаған жоқпын. Бірақ бүгінде оны алаңға шығару туралы ойлар бар. Барлығын жаттығудан кейін шешеміз.

– Бағдат Қайыровтың Даниямен матчтағы ойынын қалай бағалайсыз?

– Ол жақсы ойын көрсетті. Қорғаныста жақсы ойнады, оның құнды қасиеті – өз айып алаңының алдында жақсы ойнауы. Бірақ ол өзінің тікелей міндеттерімен қатар шабуылға да көмектесті. Нәтижелі пас беріп, гол соға да жазады.

– Ян Вороговский Астанаға көшкеннен кейін сынға ұшырап, оның Бельгияда ойнаған кезеңімен салыстырғанда нашар ойнай жүргені айтылып жүр. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– Ян шынымен де бабын аздап жоғалтып алды, бірақ неге бұлай болды? Ол «Астанамен» оқу-жаттығу жиынына қатыспады, оның командасы Бельгияда демалыста болды. Жаңа клубына дайындықсыз келген. Сондықтан оның функционалдық жағдайында мәселелер болды. Қазір оның дайындығы әлдеқайда жақсарды.