ҰХЛ драфтында таңдалған қазақстандық қақпашы Канадаға көшпекші
Хоккей
2023 жылғы ҰХЛ драфтында “Оттава Сенаторз” таңдаған 18 жастағы қақпашы Канадаға қашан кететінін айтты, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
”Әзірге өзім де білмеймін. Қазіп виза жасап жатырмын. “Оттавамен” хабарласып, сөйлестік. Бәрі ойдағыдай. Не керек болса да, барлық жағынан көмектесетіндерін айтты. Канадада жергілікті отбасылардың бірінде тұрамын, виза мен ұшақ бидеті өз есебімнен”, - деді Владимир Никитин Legalbet.kz берген сұхбатында.
ҰХЛ драфты алдында қақпашы BCHL-де өнер көрсететін “Чилливак Чифс” командасымен келісімге қол қойған. Владимир Никитин келесі маусымда осы команда сапында бастайды.
Айта кетейік, 18 жастағы қақпашы өткен маусымда жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін “Барыс” құрамында 33 матчқа қатысып, соққылардың 92,3%-ына тосқауыл болған.
Ал Францияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ол турнирдің үздік қақпашысы деп танылды.