Нигериядағы әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан жастары қайда жүр?

Нигериядағы әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан жастары қайда жүр?
Футбол

Осы күндері футболдан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Көрермен қауым Өзбекстанның плей-оффқа шығуын қуана айтса, бірі Израиль сапындағы жалғыз мұсылманның Өзбекстан, Бразилия қақпасына гол соққанына таңғалуда. Осы орайда 1999 жылы Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алғаш және әзірге соңғы рет Қазақстан құрамасы өнер көрсеткен сәтті еске алуды жөн көрдім. Ол кезде құрамада кімдер ойнады? Жастарымыз ересектер футболында сәтті өнер көрсете алды ма? Осы сұрақтарға Bassport.kz тілші жауап іздеуге тырысты.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионаты қалай жолдама алды? Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Азия құрлығында өнер көрсеткені бәрімізге белгілі. Сол кездері жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысу үшін, жастар арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалына шығу керек еді.

1994 жыл. Топтық кезеңде соңғы орынды алды.

Қазақстан – Ирак 2:3

Қазақстан – Катар 2:3

Қазақстан – Индонезия 0:3

Қазақстан – Сирия 1:6

1996 жыл.

Іріктеу кезеңінен өте алмады.

Қазақстан – Иран 0:4

Қазақстан – Тәжікстан 1:0

Қазақстан – Сауд Арабиясы 1:3

1998 жыл. Қазақстан 4-орын алды.

Қазақстан – Үндістан 3:2

Қазақстан – Кувейт 2:0

Қазақстан – Таиланд 1:1

Қазақстан – Сауд Арабиясы 1:2

½ финал. Қазақстан – Оңтүстік Корея 2:2 пен, 2:4

3-орын үшін ойын.

Қазақстан – Сауд Арабиясы 1:3

Әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасы

1999 жылы Нигерияда өткен әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімінде жерлестеріміз Аргентина, Хорватия, Ганамен бір топқа түсті. Қазақстан – Аргентина 0:1

Гол: Эстебан Камбьяссо – 44 минут.

Клаус Бо Ларсен (Дания) – 2008 жылы УЕФА Суперкубогында Зения – Манчестер Юнайтед 3:1 ойынында бас төреші қызметін атқарды.

Қазақстан – Гана 0:3

Голдар: Гьян, 51, 69; Аду, 53

Клаус Бо Ларсен (Дания)

Қазақстан – Хорватия 1:5

Голдар: Оразаев 67 – Деранья, 7; Миладин, 11; Саболчи, 34; Банович, 79; Беланович, 88.

Лу Цзюнь (Қытай) – 2002 жылы өткен әлем чемпионатында 2 ойында бас төреші қызметін атқарды. 2012 жылы келісілген ойынға қатысы бар деп, 5 жарым жылға сотталды.

КІМДЕР ОЙНАДЫ?

Давид Лория (қақпашы).

Сол сәттегі мансабы: 1998-2002 жылдары аралығында «Жеңіс» клубының намысын қорғады. Қазақстан чемпионатында 2019 жылға дейін өнер көрсетті. Ел чемпионатында ең көп ойнаған ТОП-5 футболшының қатарына кіреді. Ұлттық құрамада 2017 жылға дейін 46 ойын өткізді. Түркия, Ресей, Швеция чемпионаттарында ойнады.

Ұлттық құрамадағы ең үздік ойындары:

2006 жыл. Бельгия – Қазақстан 0:0

2007 жыл. Қазақстан – Сербия 2:1

2007 жыл. Қазақстан – Бельгия 2:2

Қазір: Астана қаласы футбол федерациясының президенті, «Superbol» жобасының генеральды менеджері. Астана қаласының мәслихат депутаты.


Игорь Солошенко (құраманың капитаны).

Сол сәттегі мансабы: 1996-2001 жылдар аралығында өзінің туған қаласы «Шахтер» клубында ойнады. 2013 жылға дейін біршама ел клубтарында доп тепті. Ұлттық құрамада 2005 жылға дейін 11 ойын өткізді. 2012 жылы «Шахтер» клубы сапында Қазақстан чемпионы атанды.

Қазір: «Шахтер» клубының бас бапкері. 

Сергей Горбанёв

Сол сәттегі мансабы: 1998 жылы кәсіби мансабын бастап, 2001 жылы «Достық» клубында 22 жасында аяқтады.

Қазір: Ресей азаматтығын алған. Ресейде тұрады.

Әли Әлиев

Сол сәттегі мансабы: 1998-2000 жылдар аралығында «ЦСКА-Қайрат» сапында ойнады. 2018 жылы «Қызыл-Жар» клубында спорттық мансабын аяқтады. Түркия чемпионатында ойнаған. Ұлттық құрамада 2008 жылға дейін 2 мәрте ойнады.

Қазір: «Қызыл-Жар» клубының бас бапкері.

Максим Самченко

Сол сәттегі мансабы: 1997-2000 жылдар аралығында «Восток» клубында ойнады. Семейдің «Спартак» клубында мансабын аяқтады. Ұлттық құрамада 2004 жылға дейін 6 мәрте ойнады. Қазір: «Шахтер» жастар клубының аға бапкері.

Андрей Травин

Сол сәттегі мансабы: 1998-2000 жылдар аралығында «Қайрат» клубында ойнады. 2014 жылы Алматы облысының «Жетісу-Сұңқар» клубында мансабын аяқтады. Ұлттық құрамада 2009 жылға дейін 18 мәрте ойнады. Қазір: «Қайрат» жасөспірімдер клубының бас бапкері.

Әлихан Аққазынов

Сол сәттегі мансабы: «Қайрат» клубының ең жас гол авторы (17 жас 2 күн). Өкінішке қарай, 2002 жылы 23 жасында жарақат салдарынан мансабын аяқтауға тура келді. Қазір: Бизнес саласына жол бұрды.

Ерлан Оразаев

Сол сәттегі мансабы: Әлем чемпионатындағы жалғыз голдың авторы. 1997-1999 жылдары «Қайрат» сапында ойнады. 2006 жылы жарақат салдарынан «Жетісу» клубында мансабын аяқтады. 2000 жылы БАӘ құрамасына қарсы 1 ғана ойын өткізген. Қазір: «Шахтер» клубының атқарушы директоры.

Айдар Күмісбеков

Сол сәттегі мансабы: 1997-2002 жылдары «Қайрат» сапында ойнады. 2012 жылы «Жетісу» клубында мансабын аяқтады. Ұлттық құрамада 2007 жылға дейін 9 ойын өткізді. Қазір: Бапкерлік қызметпен айналысады.

Дмитрий Кичшенко

Сол сәттегі мансабы: 1997-1999 жылдары «Ақтөбе-Ленто» клубы сапында ойнады. 2007 жылы «Есіл-Богатырь» сапында мансабын аяқтады. Ұлттық құрамада 2003 жылға дейін 3 ойын өткізді. Қазір: Ресей азаматтығын алып, көшіп кеткен.

Константин Земцов

Сол сәттегі мансабы: 1997-1999 жылдары Ресейдің 3-ші дивизионындағы «Камаз» клубында ойнады. 2004 жылы жарақат салдарынан «Алма-Ата» клубында мансабын аяқтады. Қазір: Алматыда бизнеспен айналысады.

Денис Соловаренко (қақпашы)

Сол сәттегі мансабы: Әлем чемпионатында алаңға шықпаған жалғыз ойыншы. 1998-2000 жылдары «ЦСКА-Қайрат» сапында ойнады. 2003 жылы «Есіл-Богатырь» клубында мансабын аяқтады. Қазір: Германия азаматтығын алып, көшіп кеткен.

Денис Проскурин

Сол сәттегі мансабы: 1998-2002 жылдары «Елімай» клубында ойнады. 2013 жылы «Гефест» клубында мансабын бітірді. Ұлттық құрамадағы 1 ойынын 2003 жылы Фарер аралдарына қарсы өткізді.

Александр Кучма

Сол сәттегі мансабы: 1999 жылы «ЦСКА-Қайрат» сапында ойнады. 2014 жылы «Тараз» клубында мансабын аяқтады. 2008 жылға дейін ұлттық құрамада 37 ойын өткізіп, 2 гол соққан. Германия, Польша чемпионаттарында доп тепкен. Қазір: Бапкер. Былтыр «Тұран» клубын жаттықтырған. Андрей Иссаев

Сол сәттегі мансабы: 1999 жылы кәсіби мансабын «Қайрат» сапында бастаған. 2004 жылы «Алма-Ата» клубында мансабын аяқтаған. Қазір: Алматы қаласында бизнеспен айналысады.

Евгений Тарасов

Сол сәттегі мансабы: 1996-2000 жылдары «Қайрат» сапында ойнады. 2007 жылы «Ақжайық» клубында жарақат салдарынан мансабын аяқтады. Ресей чемпионатында ойнаған. Ұлттық құрамада 2003 жылға дейін 6 ойын өткізіп, 1 гол соққан. Қазір: «Каспий» клубында бапкерлік қызмет атқарады.

Мұрат Динаев

Сол сәттегі мансабы: 1997-2000 жылдары «Жігер» сапында ойнады. 2004 жылы жарақат салдарынан «Ордабасы» клубында мансабын аяқтады. Қазір: Шымкент қаласында бизнеспен айналысады.

Виталий Артемов

Сол сәттегі мансабы: 1999 жылы «ЦСКА-Қайрат» сапында ойнады. 2014 жылы туған қаласы Теміртаудың «Болат» клубында мансабын аяқтады. Ресей, Украина чемпионаттарында доп тепкен. Ұлттық құрамада 2004 жылға дейін 5 ойын өткізген. 2016 жылы 37 жасында өмірден өтті.

Владимир Фомичев (Бас бапкер)

Ұлттық құрамада ең аз уақыт (1 ойын) бас бапкер болған. 2000 жылы БАӘ-ға қарсы ойында 2:5 есебімен жеңіліп, орнын сақтай алмады. 2001 жылы Шығыс Азия ойындарында қола жүлде алды. 2017 жылға дейін Қазақстан клубтарында бас бапкер болды.

Қанат Байұзақов