Нұрбол Сүлейменов: Команданың жүгін жалғыз спортшыға артуға болмайды

Нұрбол Сүлейменов: Команданың жүгін жалғыз спортшыға артуға болмайды
Дзюдо

16-18 маусым аралығында Астанада дзюдодан тұңғыш рет Grand Slam турнирі өтеді. Аталған сынға қатысатын құрам жасақталу үстінде. Бір анығы – ұзақ жылдар бойы команда көшбасшысы атанған Елдос Сметов бұл бәсекеге қатыспайды. Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Дохадағы жүлдесіз әлем біріншілігінен соң өз пікірін айтып, өз еліміздегі турнирдің маңыздылығына тоқталды.

– Астанадағы Grand Slam додасына Ислам Бозбаевтың қатыспайтыны туралы ақпар тарады...

– Негізі Ислам Қазақстан чемпионатында жеңіліп қалған. Спартакиадада финалда ұтылды. 32 жастағы балуан бұған дейін талай жарысқа қатысты. Осы турнир алдында жастарға мүмкіндік береміз деген оймен оны тізімге қоспағанбыз. Бірақ ақылдаса келе, оның тәжірибесі командаға көмек болады деген ойға келдік.

– Ал Елдос Сметов ше?

– Елдос қатыспайды. Сметов бұл жолғы турнирден өзі бас тартты. Кішкене қалпына келіп, дайындығын күшейтуді мақсат етсе керек.

– Дохадағы әлем чемпионатына Сметов қатысты. Бірақ аталған турнирге дейін ол ешбір турнирге қатыспады. Бірден әлем чемпионатына апару қателік болмады ма?

– Иә, Елдос бір-екі жарысқа қатысып, татамиді сезінуі қажет еді. Бірақ ақпан айында иығындағы жарақатын емдетті де, әлем чемпионатына дейін бабына келетінін айтты. Біз оның тәжірибесіне сендік. Оның жауапкершілігіне сендік. Ол қазақ дзюдосын алға сүйреп жүрген азамат, сондықтан жарақатын емдеуге мүмкіндік бердік.


– Елдос демекші, осыған дейінгі әлем чемпионаттарында Сметовке көп үміт арттық. Кей кездері ол команданың жүгін жалғыз өзі арқалады. Бірақ оның да мансабы аяқталады ғой. Буын алмасу кезеңі қалай өтіп жатыр?

– Иә, тек қана бір спортшыға байланып қалуға болмайды. Сондықтан командадағы буын алмасу процесін қолға алдық. Жастарды қатарға қосып, ересектердің де тәжірибесін пайдаланудамыз. Біздің қазіргі басты мақсатымыз – жастардың әлемдік спортшы ретінде қалыптасуына көмектесу. Ал бұл аз уақыттың ішінде болатын нәрсе емес. Мықты спортшыны дайындау үшін кем дегенде екі цикл уақыт керек. Мәселен, сол Елдосты алайық. Ол қазір отыздан асты, ал 18 жасынан бастап ересектер дуына араласты. Оның жақсы спортшы болып қалыптасуына 12 жылдай уақыт кетті. Сондықтан бізді резерв мәселесі алаңдатуы қажет. Ауыртпалықтың бәрін тек қана бапкерге артып қоюға болмайды.

– Дохадағы әлем чемпионатынан соң Жансай Смағұлов спортпен қоштасатынын айтты...

– Негізі, Жансай эмоциямен айтты-ау. Өйткені журналистің сұрағы жанына батқан сияқты. Олимпиадаға бір жыл қалғанда қолды бір сілтеуге болмайды.

– Биыл дзюдо мен бокстан әлем чемпионаты қатар өтті. Бокстан төрт алтын алдық. Дзюдода еш жүлде жоқтығы алаңдатпады ма?

– Әрине, алаңдатады. Бірақ бокс пен дзюдоны салыстыруға болмайды. Бокс ол біздің дәстүрлі спортымызға айналған. Елімізде нөмірі бірінші спорт түрі саналады, әр Олимпиададан алтынмен келеді боксшылар. Ал дзюдодан әлемдік деңгейге соңғы жылдары көтеріліп келеміз. Бізге чемпион даярлау үшін уақыт керек.

Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы