" Маған үнемі бірдеңе жетпей тұратын": Болат Сақаев Азиядағы чемпиондық атақты қалай жеңіп алды

Болат Сақаев ұлттық құрамадағы тәжірибелі балуандардың бірі. Десе де, ересектер арасындағы тырнақалды табысына ол жақында қол жеткізді. Астанада өткен Азия біріншілігінде 79 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Bassport.kz тілшісіне шағын сұхбат берген балуан қазіргі бар ойы – әлем чемпионатына дайындалу екенін айтып өтті.
- Болат, Азия чемпионатындағы белдесулерде жеңіліп жатып, соңғы сәттерде жеңісті жұлып алдыңыз. Қай кездесу қиынға соқты?
- Иә, ұтылып бара жатып, қарсылас кілтін тапқан кездерім болды. Мен үшін финалдан гөрі, жартылай финалдағы ирандық балуанды жеңу қиынға соқты. Өзімнің оңтайлы сәтімді күтіп, шыдап келдім. Сол кезде қажетті әдісімді жасап, ұпай алдым. Ағайларым да сол сәттің келуін күтіп отырған. Сәті түсті деп айтады ғой...
- Финалдағы қарсыласыңыз да осал балуандар қатарынан емес. Бекзод Абдурахмонов жайлы не айтасыз?
- Бекзод үшін 79 келі жаңа салмақ емес. Ол үнемі жарыстарға 74 немесе 79 келіде қатысады. Яғни, салмақ ауыстырып, бейімделе алмай жүр дей алмаймын. Ол негізінен осы салмақтың баласы, тек олимпиада сияқты жарыс қарсаңында 74 келіге ауысып кетеді. Өте мықты балуан. Оны жеңгенім де өзіме сенім сыйлады.
- Расында, Азияның чемпионы атанған соң өз күшіңізге деген сенім оянған шығар?
- Иә, сенімділік артты. Әлем чемпионатына енді бабымда барсам деймін. Чемпионатқа дейін осындай жеңіске жеткенім жақсы болды. Әлем біріншілігінде жақсы нәтиже көрсетуді мақсат етіп жүрмін.
- Бапкерлеріңіз бұл жеңісті қалай қабылдады?
- Негізі, маған үнемі бірнәрсе жетпей жүретін. Ағайларымның бәрі нәтиже күтетін, ал менде сенім жетіспей қалады. Ақсаңдап жүрдім. Әйтеуір, бір нәрсе дұрыс болмайтын. Азияның алтыны осы олқылықтың орнын толтырды. Аслан Байболов, Руслан Өмірәлиев, Аслан Жаманбаев ағайларыма алғыс айтамын.
- Сөз соңында олимпиадалық салмаққа ауысу мүмкіндігіңіз туралы сұрағым келіп тұр...
- Әрине, бәрі де мүмкін. Бала кезден кілемде жүргесін, жүрек түкпірінде Олимпиада туралы ой тұрады, бәрібір. Әзірге әлем чемпионатына қатысып, жақсы жетістікке жеткім келеді. Содан кейін бапкерлеріммен ақылдасамын. Он салмақтың алтауы ғана Олимпиада бағдарламасына енеді. Салмақ санын көбейтсе, қатты қуанар едік біз...
- Әңгімеңізге рахмет!