"Жастарға жол бергім келген": Алмат Кебіспаев Азия чемпионатында бар күшін салғанын айтты

Күрес

Алмат Кебіспаев Астанада өткен сары құрлық додасында бақ сынап, өз мансабында Азия чемпионатының алтыншы медалін жеңіп алды. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген балуан кезекті бәсекені қорытындылап өтті.

"Азия чемпионатын қола медальмен аяқтадым. Жеңіске жетсем деген жоспар болған. Дегенмен, үнемі спорттық шыңда тұрып, бабыңда болу қиын. Біздің ағзамыз темір емес. Үнемі формада жүретін болсаң, ағза да сыр бере бастайды. Иммунитет түсіп кетуі мүмкін, жарақат сыр беруі мүмкін. Сол себепті, мен негізгі күшімді Қазақстан спартакиадасына сақтадым", - дейді Кебіспаев.

Беделді балуан Астанадағы Азия чемпионатына қатыспай, күздегі жарыстарға дайындалу жоспары болғанын да жасырған жоқ.

"Сары құрлық чемпионатынан сырт қалып, күзде өтетін байрақты бәсекелерге қатыссам деген пікірімді бапкерлерге айттым. Ұлттық құрама бапкерлерінің көзқарасы басқа болды да, менің күресетінімді жеткізді. Ел намысын қорғаудан бас тартқан емеспін. Сондықтан Азия біріншілігінде бар күшімді салдым. Бірақ Қазақстан спартакиадасындағы секілді бабыма ене алмадым. Намысқа тырысып, қоланы қолдан жібермедік. Осы орайда, менің салмағымда ел чемпионатының екінші, үшінші орнын алған жастар Азия біріншілігінде бағын сынап көрсе деген ойым болған", - деді Алмат.

Айта кетелік, Алмат Кебіспаев Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы (2011,2018), үш дүркін күміс жүлдегері (2009,2017, 2021) және қола жүлдегері (2023).

Сондай-ақ Кебіспаев грек-рим күресінен бес әлем чемпионатында жүлде алған жалғыз қазақ балуаны.