Григорий Бабаян: Үш гол жіберу – бәрімізге де ұят болуы тиіс

«Астана» премьер-лиганың алтыншы турында өз алаңында Алматының «Қайратынан» ірі есеппен жеңілді. Матчтан кейін команданың бас бапкері Григорий Бабаян себенің түсіндірді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
- Әрине, бірінші минутта өз қателігімізден гол жіберіп алуымыз қарсыласты мотивация берді. Сосын олар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, есепке ойнады. Екі таймда да гол соғатын сәттеріміз болған. Бірақ тіпті бос қақпаны дәл көздей алмадық. Қорғаныс өте нашар ойнады. Ал екінші және үшінші гол шабуылға шығып кеткенде кірді. Өз алаңымызда бұлай ойнауға болмады. Бізді қолдауға жанкүйерлер келді. Бірінші кезекте жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Басын дұрыс бастамады сосын ойынға кіре алмай қойдық.
- Томасов әлі күнге бабына неге келе алмай жүр?
-Ол «Тобылмен» жақсы матч өткізді. Команданың көшбасшысы болып, алға сүйреді. Бүгін барлық өткір шабуылдар Томасов арқылы жүрді.
- Қақпашы Чондричтің деңгейі сұрақ туындатады. Не үшін легионер-қақпашы керек? Онсыз да Чондричтен кем емес Заруцкий бар емес пе?
- Алғашқы екі голға қақпашының кінәсі жоқ. Чондричтің позициясы талқыланбайды. Мен оған сенемін. Бұл жерде Паулоға кеңістік беріп қойған қорғаушылардың қателігіне алаңдаймын. Жалпы, қорғаныстың жағдайы мәз емес.
- Заруцкийге сенім арту үшін Чондрич тағы қанша гол жіберуі қажет?
- Сіз мынаны түсінуіңіз керек, егер команда гол жіберсе, ол жалғыз қақпашының кінәсі емес. Біреуді кінәлі етіп қою қажет емес. Йосип жақсы матч өткізді. Бірнеше сейв жасады. Ол негізгі құрамда кездейсоқ ойнап жүрген жоқ. Ал өз алаңымызда үш гол жіберу – бәрімізге де ұят болуы тиіс.
- Осымен екінші матч қатарынан «Астана» басты бәсекелестерінің бірінен ұтылып отыр. Бәлкім, Томасов ең болмаса бір матчта қосалқы құрамға отырғызу керек шығар?
-Біз бәрін сараптап, тереңірек ойлануымыз керек. Эмоцияға салынып, біреуді кінәлі ету дұрыс емес. Сараптама жасаған соң, шешім қабылдаймыз.
Айта кетейік, «Астана» 6 турдан 12 ұпаймен төртінші орында тұр. Команда маусымда осымен екінші рет жеңілді.