Власовты жеңген атақты балуан Азия чемпионатына болжам жасады

Власовты жеңген атақты балуан Азия чемпионатына болжам жасады
Күрес

Грек-рим күресінен Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Асхат Ділмұхамедов Астанада өтетін Азия чемпионатына болжам жасады, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Ол Қазақстан құрамасының құрлық біріншілігінде жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар деп санайды. 

Азия чемпионаты өз жерімізде өтуі - осы спорт түрінің насихатына өлшеусіз үлес. Оның үстіне, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт кешенінде ұйымдастырылуының да өзіндік мәні бар. Грек-рим күресінен шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Мұның бәрі балуандаға жігер беруі тиіс,- дейді Асхат Ділмұхамедов. 


 Ол қазақ балуандарының қай-қайсысының да жүлде алуға мүмкіндігі бар деп отыр. Көп нәрсе психологияға байланысты деп санайды.

Бастысы, жігіттер жанып кетпесін деп ойлаймын. Алмат Кебіспаев, Демеу Жадыраев, Нұрсұлтан Тұрсынов секілді тәжірибелі балуандар жастарға демеу беріп, Қазақстанға бірнеше жүлде сыйлауы тиіс. Жалпы, күрестің әр түрінен 3 алтыннан алсақ жақсы көрсеткіш болар еді. Сосын Иран, Оңтүстік зәне Солтүстік Корея, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан балуандарын естен шығармау керек,- дейді спортшы.

Ол өзінің карьерасына қатысты да пікір білдірді. Өйткені ресми түрде спорттан кеткенін айтпаған. Сонымен қатар жарыстарға да қатысып жүрген жоқ.

 Күресуге құлшыныс әлі да бар. Бірақ карьераны аяқтайтын да кез келді. Бір жағынан Алмат Кебіспаев бәрімізге үлгі көрсетіп отыр. Біразжасқа келсе де, жоғары дәреже күресіп жүр. Құраманың көшбасшысы, досым Алматқа Азия чемпионатында сәттілік тілеймін, -дейді Асхат Ділмұхамедов. 

Айта кетейік, ол 2019 жылы әлем біріншілігінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Роман Власовты жеңген.