"Барлығын кілем көрсетеді": Азамат Дәулетбеков Азия чемпионы атағын қорғай ала ма

Күрес

Еркін күрестен Қазақстан командасының үздігі Азамат Дәулетбеков Bassport.kz тілшісіне шағын сұхбат беріп, алда маңызды екі жарысқа қатысатынын мәлімдеді.

Дәулетбеков 26 сәуір күні Алматыда өтетін Поддубный лигасында және 9-14 сәуірде Астанада өтетін Азия біріншілігінде бақ сынайды.

"Поддубный лигасы Алматыда өтеді. Бұл сындағы қарсыласым – Арслан Багаев. Онымен бұрын кездескен емеспін. Иван Ярыгин Гран-при турнирінің жеңімпазы екен. Жалпы дайындық жаман емес. Бұл турнирге Қазақстан атынан мен ғана қатысамын. Ұйымдастырушылар солай шешіпті", - деді Азамат.


Сондай-ақ Дәулетбеков Азия чемпионы атағын қорғап қалуға тырысатынын айтты.

"Әрине, Азия чемпионы атанудан бөлек, оны қорғап қалу да оңай емес. Бірақ менде тап осыған қатысты айтарлықтай қобалжу жоқ. Барлығын кілем көрсетеді. Дайындық жүріп жатыр. Сары құрлық додасына Жапония мен Ираннан жақсы балуандар келеді. Оңтүстік Корея өкілін де қатардан сызуға болмайды. Негізгі бәсекелестерім осылар", - деді балуан.

Азамат Дәулетбеков 2022 жылғы Азия чемпионы және әлем біріншілігінің қола жүлдегері. Ол өткен маусымда өзі қатысқан жарыстардың барлығынан жұлде алған.