Бактиер Зайнутдинов: Соңғы рет мынандай жеңіс қашан болғаны есімде жоқ

Бактиер Зайнутдинов: Соңғы рет мынандай жеңіс қашан болғаны есімде жоқ
Футбол

Euro-2024 іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Дания құрамасын 3:2 есебімен жеңді. Осы ойында ұлттық құраманың алғашқы голын пенальтиден Мәскеудің ЦСКА клубында ойнайтын Бактиер Зайнутдинов соқты. Матчтан кейін 24 жастағы жартылай қорғаушы тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды BasSport.kz.

– Сөзбен айту жеткізу қиын. Барлық эмоцияны алаңда қалдырдық. Жанкүйерлердің қолдауы керемет. Стадионға 28 мың адам келіпті. Жанкүйерлер болмаса, біз ешкім емеспіз. Алғысым шексіз.

– Ұлттық құраманың үздік шабуылшысы атану деген мақсатыңыз бар ма?

– Құдай бұйыртып тұрса, әрине. Қазір маған өз бабыма келу маңызды. Бір жарым айдай жаттығу жасамадым. Енді жаттығу жасап, қайта қалпыма келу қажет.

– Бірінші матчта қосалқы құрамда қалдыңыз. Бүгін негізгі құрамда ойнадыңыз...

– Әрине, 1,5 ай ойнамаған соң, бас бапкер физикалық дайындығымды сұрады. Оңай емес. Бүгін қолымнан келгенше барымды салдым. Бұйырса, алдағы уақытта барлығы орнына келуі тиіс.

– Бірінші таймнан кейін 0:2 есебімен жеңіліп жаттық. Үзілістен кейін қарсылас тағы гол соғады деген қорқыныш болмады ма?

Үзілісте жігіттермен сөйлестік. Бас бапкер өз тапсырмасын берді. Мүмкіндіктерің болады, соны пайдалаңындар деп айтты.

– Пенальтиді тебуге сенімді шықтыңыз ба?

– Басында сол жаққа тебем бе деп ойлап ем. Бірақ сосын ортаға тептім.

– Сіз болмсаңыз пенальтиді кім орындайды?

– Бізде бірінші-екінші деген жоқ. Доп Асхатта болды. Мен оған өтініш жасап, сұрап алдым. Құдай да көріп тұрған болар, менен кейін өзі де салды.  

–Жеңістен кейінгі эмоция қандай болды?

– Шыны керек, соңғы рет мұндай жеңісті қашан көргеніміз есімде жоқ. Өте қатты қобалжыдым. Жүрегіміз дүрсілдеді. Аллаға шүкір жеңіске жеттік!

Айта кетейік, Бактиер Зайнутдинов осы ойында ұлттық құрамадағы 11-ші голын соқты. Ең үздік сұрмерген Руслан Балтиевтің рекордына екі гол қалды.

Қазақстан құрамасының үздік сұрмергендері:

1. Руслан Балтиев — 13 гол (73 матч);

2. Виктор Зубарев — 12 (18);

3. Бактиер Зайнутдинов — 11 (28);

4. Дмитрий Бяков — 8 (33);

5. Сергей Хижниченко — 8 (52).