Сәкен Бибосынов: Досматовты өз үйінде жеңіп, есе қайтарғым келеді

Сәкен Бибосынов: Досматовты өз үйінде жеңіп, есе қайтарғым келеді
Бокс

Бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов алдағы әлем чемпионатына дайындығы қалай жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы ол Қазақстан бокс федерациясы ұйымдастырған пресс-тур кезінде мәлімдеді, деп жазады Bassport.kz.

"Қазіргі таңда "Ақбұлақ" базасында дайындалып жатырмыз. Мұнда спортшылардың алаңсыз жаттығуына бар жағдай жасалған. Сондай-ақ жаттығу жиынына Әзірбайжан, Англия және Тәжікстан құрамалары қатысуда. Мұның өзі біз үшін үлкен тәжірибе. 2021 жылғы маусым мен үшін сәтті өтті. Алайда Олимпиаданың алтынын мойныма ілмеген соң, әлі де еңбектену керек. Себебі менің мақсатым - Олимпиада чемпионы атану. Биыл бізді ірі жарыстар күтіп тұр. Әлем біріншілігі Өзбекстан астанасы Ташкентте өтеді. Ал Қытайдағы Азия ойындарында лицензия таратылады. Сондықтан бар күшімізді салу қажет", - деді боксшы.

Сондай-ақ Сәкен Бибосынов әуесқой бокстағы өзінің басты қарсыластарының бірі Хасанбай Досматов туралы айтты.

"Досматовты әлем чемпионатында жеңген едім. Азия біріншілігінің финалында өз қателігімнен ұтылдым. Себебі бапкерлер ара қашықтықты сақтау керектігін қатаң ескерткен. Мен қатты жақындап кеттім де, соққылар жіберіп алдым. Қазіргі есеп - 1:1. Ол өз сұхбатында менен есе қайтару үшін келдім деген екен. Егер тап соны мақсат етсе, есе қайтарды. Ендігі менің міндетім - Хасанбайды өз елінде өтетін әлем чемпионатында жеңу", - деді Бибосынов.

Еліміздің үздік боксшысы Токио Олимпиадасының жартылай финалында жеңілген ұлыбританиялық Галал Яфайдан да есе қайтарғысы келетінін жасырмады.

"Олимпиаданың жартылай финалы кейде есіме түсіп кетеді. Сол кезде бірінші раундта ғана ұтылдым. Маған нокдаун берді. Қалған екі раундта барымды салсам да, жеңіске жетпеген соң, толық күш жұмсамағандай кінәлаймын өзімді. Яфай қазір кәсіби боксқа ауысып, бір белбеу алып үлгерді. Бұйырса, Олимпиаданың алтынын алған соң мен де кәсіби бокста бақ сынап, Токиода кеткен есемді қайтарғым келеді", - дейді Сәкен.