Әлем чемпионы Элина Базароваға Үкіметтің заңды сыйақысы әлі берілмеді – жеке бапкері

Әлем чемпионы Элина Базароваға Үкіметтің заңды сыйақысы әлі берілмеді – жеке бапкері
Бокс

Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен бокстан жастар арасында әлем чемпионатында қыздарымыз екі алтын қолға жеткізген. Оның біреуі 54 келідегі Элина Базароваға тиесілі. Мамандар бұл боксшының болашағынан үміт күтеді. Көпшіліктің аузында жүрген жас спортшыны тәрбиелеген бапкер Нұрбота Сейітбек Bassport.kz тілшісі әңгімелескен еді.

– Шәкіртіңіз сенімді ақтап, әлем чемпионатынан алтын алды. Енді мақсаттарыңыз қандай?

– Элинаға әу бастан сеніп, ауылдан қалаға алып келген едім. Шәкіртім сенімді ақтап келеді, Әзірге өзі қатысқан жарыстардың барлығынан бос қайтқан емес. Енді мақсатымыз – Олимпиада алтынын алу.

– Қай Олимпиаданы көздеп отырсыздар?

– Әрине, ұлттық құрама бапкерлері сенім артып, лицензия алып жатса, Парижге барғымыз келеді. Өздеріңіз білесіздер, Халықаралық Олимпиада комитеті 54 келіні Олимпиада бағдарламасына қосты. Менің шәкіртім осы салмақта өнер көрсетеді. Ал Парижге үлгермесек, 2028 жылғы Лос-Анджелосқа барамыз. Осы екі Олимиада ойындарын жоспарлап отырмыз.

– Ұлттық құрамада дәл осы салмақта Дина Жоламан бар. Ол 2016 жылы әлем чемпионы атанған. Динаның орнын басуға Элина дайын ба?

– Базарова – әйелдер құрамасына қабылданды. Алда бір-екі халықаралық жарыстар бар. Соған қатысады. Әзірге ересектер арасындағы ел чемпионатында өнер көрсеткен жоқ. Ол жақта екеуінің жолы түйісіп жатса, барымызды саламыз. Мен өз шәкіртіме сенемін. Биылғы жылдың ең басты додасының бірі – жазғы Азия ойындары. Төрт жылда бір өтетін бәсекеге жолымыз түссе деп үміттеніп отырмыз.

– Испаниядағы әлем чемпионаты туралы айтсаңыз? Пиреней түбегіне бармай қалуларыңыз мүмкін болған дейді...

– Элина бұған дейін жасөспірімдер, жастар арасында Қазақстан чемпионатының барлығын жеңген. Соған қарамастан бізді жастар арасындағы Азия біріншілігіне апармады.Одан кейін әлем чемпионатына да басқа қызды әкетпекші болған. Әйтеуір, жүгіріп жүріп, өзімізді дәлелдедік.Оңай болмады. Элинадан сұрасаңыз бәрін айтып береді. 

– Жалпы, боксшыны қалай таптыңыз?

– Мен өзім 2012 жылы бапкерлікті бастағанмын. Арада 5 жыл өткенде өзімнің ауылдағы Элинаны Шымкентке алып келдім. Өйткені таланты, қабілетін жақсы білдім. Ол – қазіргі Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксерек ауылының тумасы. Менде сол ауылдың баласымын.

– Әдетте қыз баланы ата-аналары, әсіресе, боксқа сияқты спорт түріне оңайшылықпен жібере қоймайды ғой. Сіз қалай көндірдіңіз?

– Элинаның ата-анасымен келісу аса қиынға соққан. Олар маған сенді. «Еті біздікі, сүйегі сенікі» деп айтты. Аға-жеңгеміздің рұқсатын алып, 13 жасында үйіме әкеліп жатқыздым. Сөйтіп, 5-6 жылдың ішінде біраз жетістікке жеттік. Мен қазір Шымкент қаласының бокстан аға жаттықтырушысымын. Қарамағымызда 70-80 боксшы бар. Ерлер құрамасындағы Махмұд Сабырхан да біздің мектептен шыққан. Элина екеуі де 54 келіде өнер көрсетеді. Біреу ерлер, екіншісі әйелдер құрамасында.

– Шәкіртіңіздің басты қандай қасиеттерін ерекше атай аласыз?

– Бірінші кезекте мінезін. Рингте өте мінезді боксшы. Соңына дейін айқасады. Элинаны көргенде көп боксшылар өздері қаймығып жатады. Өйткені мысы басып тұрады. Сосын жылдамдығын ерекше айта аламын. Үшінші соққысы. Жылдамдығы мен техникалық арсеналы бай боксшылардың көбінесе соққысы әлсіз болып жатады. Өткенде төрт кездесудің үшеуін мерзімінен бұрын жеңді. Осыдан-ақ соққысының қандай екенін бағамдай беруге болады.

– Жақында Қазақстан бокс федерациясы тарапынан қаржылай сыйақы алғандарыңызды естідік. Әлем чемпионатынан келгеннен кейін жеткілікті деңгейде құрмет көрсетілід ме?

– Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев мырза өз қолдауын көрсетіп, жүлдеге іліккен спортшыларды марапаттады. Бірақ бізге Үкімет тарапынан берілетін сыйақы әлі түскен жоқ. Өздеріңіз білесіздер, әлем чемпионатында жеңіске жеткен, жүлдеге атанған спортшыларға заң жүзінде сыйақы көлемі бекітілген. Алайда әлі күнге ақшамызды бермеді. Есесіне, Азия чемпионатына қатысқандар алып үлгерді. Мұның себебін сұрасақ, ҚР құрамасының кітабында жоқсындар деп айтты. Оны құраманың бас бапкер жазады. Әлем біріншілігінде алтын әкеліп, Үкіметтің заңмен бекітілген қаржысын ала алмай жүрміз. Сол жағы өкінішті болып тұр.

– Жақында Мәдениет және спорт министрінде кадрлық өзгерістер көп болды. Біраз басшылар ауысты. Енді ескеретін шығар...

– Солай болады деп үміттенеміз.

– Енді өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Бапкерлікке дейін боксшы болдыңыз емес пе?

– Иә, 2007-2011 жылдары ұлттық құрамада жүрдім. Сол тұста 75 келі салмақта өнер көрсеттім. Ол кезде біздің салмақта бәсекелестік жоғары болды. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев Афиныдан кейін осы салмаққа ауысты. Ол бірінші, мен екінші нөмірлі боксшы болдым. 2006 жылы Маракконың Агадир қаласындағы әлем біріншілігіне қатысқанмын. Олжас Сәттібаев, Еркебұлан Шынәлиев, Данияр Төлегеновтер жүлдемен оралған еді. – Одан кейін 2010 жылы АҚШ-тың Камп-Лейн қаласындағы әскерилер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль еншіледім. Алматыдағы Ескендір Хасановты еске түсіруге арналған жарыстың жеңімпазы атанған.

– Бапкерлікте Элинадан басқа қандай шәкрттеріңіз, нәтижелеріңіз бар?

– 9 спорт шеберін және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпион дайындадым. Одан бөлек, шәкірттерімнің арасында жастар арасындағы Азия біріншілігінің жүлдегері бар. Азия чемпионатының жеңімпазы Қуандық Мақсұт пен жүлдегер Марғұлан Айдарұлы секілді боксшыларымды ерекше айта аламын.