Жәмила Бақбергенова: Өзімнен гөрі, сыңарым Мәдинаның жеңісіне қатты қуанамын

Жәмила Бақбергенова: Өзімнен гөрі, сыңарым Мәдинаның жеңісіне қатты қуанамын
Күрес

Жәмила Бақбергенова үшін биылғы маусым сәтті аяқталды деуге негіз бар. Еліміздегі ең танымал балуан қыз қатарынан екі рет әлем чемпионатының финалына шығып, Ислам ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал жылдың қорытынды кешінде Жәмила үздік спортшы атағын иеленді. Маусым соңында Bassport.kz тілшісіне шағын сұхбат берген Жәмила орындалған мақсаттар мен алға қойған жоспарларына тоқталды. 

"Биылғы маусымды ойдағыдай өтті деп айта аламын. Өзім қатысқан жарыстардың бәрінен жүлдемен оралдым. Бұл - жаттығу мен еңбектің еш кетпегенін көрсетеді. Әрине, әлем чемпионатында қатарынан екі рет жеңілгенім, алтынға қол созым жерден тоқтағаным аздап қынжылтады. Белградтағы финалда чемпион атану үшін не жетпегенін де білмеймін. Бірақ әлем чемпионатының алтыны менің басты мақсатым болып қала береді. Тек қана әлемнің емес, Олимииаданың чемпионы атанудан үміттімін", - деді Жәмила.

Сондай-ақ балуан Ислам ойындарында түркиялық балуанмен өткен күмәнді кездесуге қатысты да өз ойын айтты. Себебі бапкерлер аталған жекпе-жекте төрешілердің аздап бұра тартқанын жеткізген еді.

"Бұл белдесу туралы қандай пікір болса да, өз қателігімнен жеңілдім деп санаймын. Өйткені қарсыласқа шабуылдамай, бір орында тұрып қалдым. Өзімді ұтып жатырмын деп ойласам керек. Соның салдарынан жеңілдім", - дейді Бақбергенова.

Жәмила Бақбергенова 72 келіге дейінгі салмақта UWW рейтингінде көш бастады. Бұрымды балуан жылдың қорытынды рейтингіне енген жалғыз қазақстандық спортшы екенін де айта кеткен жөн.

"Әлемдік рейтинг үздіктеріне әлемдік федерация тарапынан ақшалай сыйақы үлестірген еді. UWW уәдесінде тұрып, қаржылай сыйақыны карточкама салып жіберді", - дейді ол.

Сөз соңында Жәмила өзінің сыңары Мәдинаның биылғы маусымдағы көрсеткіштері үшін қатты қуанатынын жасырған жоқ.

"Иә, өзімнен гөрі Мәдинаның жеңісіне қатты қуанамын. Өйткені, ол декреттік демалыстан оралған бойда Азия чемпионы атанып, Ислам ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Тек әлем чемпионатында ұтылып қалғаны өкінішті. Мұның бәрі оған үлкен сабақ әрі тәжірибе болды. Сыңарым келесі жылы үлкен жетістіктерге жетеріне сенімдімін. Ол өте шыдамды әрі еңбекқор балуан", - деді спортшы.