"Олимпиадаға бару үшін ең алдымен Қазақстан чемпионатын ұту керек" - Айдос Сұлтанғали

Күрес

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының үздігі Айдос Сұлтанғали күні кеше Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен әлем кубогінде қола жүлдегер атанды. Бұл отандық балуанның биылғы маусымдағы екінші ірі жүлдесі. Бұған дейін ол Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатында үздік үштік қатарына енген еді. Бакуден оралған соң Айдос Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, соңғы бәсекелерді қорытындылады. 


 - Айдос, Бакуден де медальмен оралдыңыз. Әлем кубогі қалай өтті?


 - Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды турнир. Әлемнің мықты деген балуандары келді. Жақсылап күтіп алды, жақсылап шығарып салды. Атмосфераны сөзбен жеткізе алмаймын. Бізге осындай жарыстар керек-ақ. 


 - Әзірбайжан құрамасымен тең түссеңіздер де, финалға кілем иелері өтіпті. Қандай басымдықтар есепке алынды?


 - Мен сынға түскен "Әлем жұлдыздары" командасына Сербиядан келетін балуандар қосыла алмай қалды. Олардан коронавирус анықталған екен. Жеке өзім әзірбайжандық қарсыласым Талех Маммадовты ұттым. Одан әлем чемпионатында жеңілген едім, осы жолы есем қайтты. Ал финалға негізі әзірбайжандық балуандар емес, біз шығуымыз керек еді. Өйткені, біздің командада бір таза жеңіс болды. Әзірбайжандықтар сапынан да бір таза жеңіс есепке алынды. Бірақ оны расымен таза ұтты деуге келмейді. Оның үстіне, кілем қожайыны саналады. Сол себепті, финалға Әзірбайжан құрамасы өтті. Ал қола жүлде үшін күресте түрік балуанын 7:1 есебімен жеңіп, команданың жеңісіне үлес қостым. Жарыстың жүлде қоры қомақты. Маған тиесілі сыйақыны федерация арқылы жібереді екен. 


 - Әлем чемпионатының өткеніне де үшінші айға жуықтап барады. Басшылық тарапынан сыйақы берілмеді ме?


 - Әзірге ешқандай сыйақы түскен жоқ. Болып қалар деп, күтіп жүрміз. 


 - Белградтағы бәсекеден соң қандай қорытынды шығардыңыз?


 - Әлем чемпионатына дайындық толық деңгейде өтпеді. Үстіме шиқан шығып кеткен. Соны емдеймін деп, уақыт жоғалтып алдым. Бір жағынан қатты шаршамайды екенсің. Екінші жағынан, жаттығудың аздығы білініп тұрды. Қазір Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен бірлесіп, жоспар құрып жатырмыз. Ол кісі қандай қатем, қандай кемшілігім барын нақты айтып берді. Менің салмағымда жақсы күресетін әлемдік деңгейдегі бес-алты балуанды да зерттеудеміз. Әрине, ең үлкен мақсат - Олимпиада мен әлем чемпионатының алтынын алу. Бірақ Олимпиадаға қатысу үшін ең алдымен Қазақстан чемпионатын ұту керек. 


 - Әлем чемпионатының жартылай финалындағы жеңіліс те жаттығудың аздығынан ғой...


 - Иә, мұндай деңгейдегі жарысқа жақсы дайындықпен бару керек. Жоламан Шәршенбековтен үшінші рет ұтылған шығармын. Ол әлем үздігі. Алдағы жарыстарда есе қайтаруға тырысамын. 


 - Әңгімеңізге рахмет!