"Тейлормен күрескенде күшім бір кезеңге жетті": Азамат Дәулетбеков Белградтағы әлем біріншілігін қорытындылады

Күрес
Еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков үшін биылғы маусым айтарлықтай сәтті өтті. 86 келіде белдесетін балуан Азия чемпионатында топ жарып, әлем біріншілігінде Яздани, Тейлор сынды даңқты балуандармен бір қатарда тұрды. Елге оралған соң Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген Азамат Белград бәсекесін қорытындылап, алтынға барар жолда неден сүрінгенін айтты. - Азамат, жүлде құтты болсын! Елге оралған соң ақ тілектер арналып жатқан шығар... - Иә, елге келген соң барлығы да сезіліп жатыр. Былтырғы маусым мен үшін ауыр өтті. Қанша тырыссам да, Олимпиада ойындарына жолдама ала алмадым. Сол сәтсіздік мені одан әрі шыңдаған сияқты. Биылғы маусымға екі есе дайындықпен, екі есе жігермен келдім. Париж Олимпиадасына қатысамын деген мақсат маза берген жоқ. Қазір бәрі сәтімен келе жатыр... Барлығы да еңбектің арқасы.  - Белград кілеміндегі белдесулерге тоқталып өтсең... - Бірінші кезеңде Панамерика ойындарында чемпион атанған кубалық балуанмен кездестім. Ол физикалық тұрғыдан өте мықты спортшы екен, күресіміз өте тартысты өтті. Екінші айналымда Испания атынан күресіп жүрген осетиндік Таймураз Фриевпен жолықтырды жеребе. Ол 2018 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, жақсы балуандардың көшінде жүреді үнемі. Кейін мен Сан-Марино спортшысы күтіп тұрды. Ол Америкада Сергей Белоглазовтың қол астында жаттығады. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы деген атағы бар. Бұл белдесу де мен үшін сәтті өтті. Содан соң америкалық Дэвид Тейлор күтіп тұрды. Ол таныстыруды қажет етпейтін балуан. Дэвидпен белдескенде функционалдық дайындығым бір кезеңге ғана жетті. Яздани де, Тейлор де кілемге шыға салып, қарсыластарын өзінің күрес мәнеріне икемдейтін балуандар. Бір сәт те аялдап қалуға мұрша бермей, үнемі қозғалысты болуға итермелейді. Екеуінің де қарқыны мықты. Егер өз қателіктерімізді түзейтін болсақ, өзімізге көп көңіл бөлсек, оларды да жеңуге тырысатынымыз анық. Қола жүлде үшін Пуэрто-Рико балуанымен кездестім. Ол тегі кубалық жігіт. Өзі Америкада жаттығады. Былтыр Ослода өткен әлем чемпионатында кездесіп, жеңген болатынмын. Биыл да менің оң жамбасыма келді. Осылайша, мен өз мансабымда алғаш рет әлем біріншілігінен жүлде алып отырмын.  - Дэвид Тейлор мен Хасан Язданидің деңгейі басқалардан әлдеқайда биік тұрады. Дэвидпен кездескен соң не түйдіңіз? Оны қалай жеңуге болады? - Тейлорды жеңу үшін барлық жаттығу жүйесін өзгерту қажет. Бар күшіңді 100 пайыз пайдаланып үйрену керек. Оларда асып бара жатқан техника жоқ. Тек қана қысым көрсету арқылы қарсыласын сындырып тастайды. Язданидің де тәсілі осындай. Міне, осы қарқынға төтеп бере алатындай жұмыс істеу керек. Әрине, тәжірибе керек. Әрбір жарыс сайын біздің тәжірибеміз шыңдалатыны анық. - Әлем чемпионатынан соң сізді Бакудегі әлем кубогіне шақыртуда. Аталған жарысқа қатысасыз ба? - Иә, бұл жаңалықты да жақында естідім. Бапкерлеріммен ақылдаса келе, жарысқа қатысамын деп шештім. - Жалпы, балуандарға қаржылай қолдау сирек көрсетіледі. Әлем чемпионатынан соң сізге сыйақы беріп, қолпаштап жатқандар бар ма? - Мен елге жақында ғана оралдым. Әзірге ешкім сыйақы бермеді. Үкіметтен арнайы бөлінетін сыйақыны ұсынады деп ойлаймын.