"Жеті айлық қызыма ата-әжесі қарайды": Төрт ай бұрын жаттыға бастаған Мөлдір Жаңбырбай каратэ әлемін дүр сілкіндіруде

Жекпе-жек

Каратэден Жапонияның өткен әлемдік Премьер-лига турнирінде қазақстандықтар алты медаль жеңіп алды. Олардың қатарында ерлі-зайыптылар Дидар Әмірәлі мен Мөлдір Жаңбырбай да бар. Токио Олимпиадасынан кейін тұрмыс құрып, жеті ай бұрын ана атанған Мөлдірдің бұл жеңісін жанкүйер де, бапкерлер де жоғары бағалап отыр. Bassport.kz сайтына сұхбат берген ол кішкентай қызының үлкен жеңістерге жетелейтінін айтады.

-Мөлдір, декреттік демалыстан шығып, екі жарыстан екі медаль алдыңыз. Мұндай нәтиженің сыры неде?

- Рас айтасыз, босанғаннан кейін екі жарысқа қатыстым. Физикалық дайындығыма аса қатты сенбесем де, татамиде жеңіске деген жігер танытып жүрген жайым бар. Кішкентай қызым қазір жеті айға толды. Ал жаттығуды қайта бастағаныма төрт ай болып қалды. Алдымен Морокконың Рабат қаласында өткен әлемдік сынға қатыстым. Бұл бәсекеге ұзақ үзілістен кейін шығып тұрғасын, өзіме сондай қатал талап қойған емеспін. Аса үлкен жауапкершілік те алмадым. Медаль туралы мүлдем ойлаған жоқпын десем, өтірік емес. Бірақ Рабат төрінде финалға шығып, күміспен оралдым. Мұндай жетістікті ешкім де күтпеген еді.

- Көп ұзамай Жапония төрінен жүлдемен оралып отырсыз...

- Екі жарысқа қатысып, медаль алсам да, әлі бабыма толық келмедім. Қазіргі спорттық формамды нағыз бабымда жүрген шағыммен салыстыруға әсте болмайды. Әлі көп еңбек етіп, тер төгу қажет. Бірақ каратэде күштен гөрі, мидың жұмысы көп керек. Менің миым татамиді әлі ұмытпаған екен. Екі жарыста да таза мимен жұмыс істеп, жүлде алдым. Жапонияға аттанар кезде қызымды қарайтын адам болмай, екі рет қана жаттығу жасадым.

- Сіз ғана емес, жолдасыңыз да Жапониядағы әлемдік сыннан қола медаль алды. Екеуіңіз турнирге кеткенде балаңызды кімге сеніп тапсырасыз? 

- Құдайға шүкір, ата-енем бар. Алпысқа келгенде сүйген тұңғыш немересі болғандықтан, олар бізден сұрап алған. Сондықтан қызыма келгенде ата-әжесінің шығар жаны бөлек. Тағы бір тәтеміз еңбек демалысында еді, сол кісі де көмектесіп жатыр. Көп рахмет!

- Десе де, жеті айлық баладан жыраққа кетіп, жарысқа қатысу оңай емес қой...

 - Әрине... Оңай емес. Қасында жатқанның өзінде балаңды уайымдайсың. Ал алыс жолға шыққанда уайым еселене түседі. Әсіресе, жарысқа билет алынып қойғанда жылағым келетін. Қызымның асынан кеткім келмейтін. Мұндайда жолдасым Дидардың қолдауын жақсы сеземін. Ол бәрі жақсы болатынына сендіріп, менің жарыстан қалмауыма бар жағдайды жасайды. Өз басым сыртта жүргенде қызымды көп уайымдамауға тырысамын. Әйтпесе, маған ғана емес, алыстағы балама да ауыр болатынын сеземін. Оның үстіне, жарыс басталған соң уақыт та тез өтіп кетеді. Дидар екеуміз әр жарыстан соң қызымызды көруге асығып, ұшып келеміз.

 - Кішкентай баламен жаттығу жасау қаншалықты қиын?

 - Қызым әлі бірге толған жоқ. Сол себепті, қиындығы жоқ емес, бар. Кейде тісің шығады, кейде іші ауырады. Сондай кездерде жаттығудан қалып қоямын. Себебі қызымның денсаулығы маңызды. Ата-енемен бірге тұрған соң, үйде қонақ күтіп, келіндік қызметімді атқаратын кездер болады. Бәрін қатар алып жүруге барынша тырысудамын. Менің қайын атам каратэден мықты бапкер екенін бірі білсе, бірі білмес. Ол кісінің де қолдауы ерекше. Менің жаттығудан сырт қалғанымды қаламай, үнемі дайындық қажеттігін ескертіп отырады. Егер үйге қонақ келетін болса, менің алаңдамай жаттығуыма жағдай жасайды. Мені түсінетін адамдардың барына шүкір. Қазіргі нәтижем үшін қуаныштымын.

- Сәттілік тілейміз!


Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы