"Небір қиын белдесулерді мінезбен алып шықтым": Дәулет Ниязбеков үлкен спортпен қоштасып, бапкерлікке кірісті

Күрес

Бүгін күрес түрлерінен Азия біріншілігі басталады. Отандық балуандар Моңғолия астанасы Ұлан-Батырды бетке алып, алғашқы қарсыластарымен танысып үлгерді. Ал құрлық додасында үш мәрте топ жарып, төрт рет қола жүлдегер атанған Дәулет Ниязбеков бұл бәсекені бапкер ретінде бақыламақ. Себебі, даңқты балуан Токио Олимпиадасынан кейін кілемнен кетіп, жасөспірімдер құрамасының тізгінін қолға алған болатын. Bassport.kz екі Олимпиадаға қатысып, екі әлем чемпионатынан жүлде алған Дәулет Ниязбековпен тілдесіп, оның күрестен кейінгі өмірі мен кілемдегі ғұмыры туралы сұхбат құрды.


- Дәулет, бар ғұмырыңызды спортқа арнап келесіз. Қазір де күрестен алыстаған жоқсыз. Десе де, кәсіби спортшы ретіндегі мансабыңызды аяқтаған соң қандай күйдесіз?

- Иә, менің де спорттан кейінгі өмірім басталды. Ашығын айту керек, бұл күнге үш-төрт жыл бойы дайындалдым. Психологиялық жағынан да, қаржылық тұрғыдан да жағдайымды бағамдадым. Бірақ кілемнен кетер сәтім мен күткеннен нашарлау болды... Әрине, қазір барлығы да жақсы. Отбасыма көңіл бөліп, кішігірім кәсібімді дөңгелетіп жатырмын. Еркін күрестен 17 жасқа дейінгі команданы жаттықтыру туралы ұсыныс айтқан еді, келістім. Қазір жігіттермен жұмыс істеп, бапкерліктің де қызығына кіріп кеттім. Шынымды айтсам, бүгінгі тірлігім де күресіп жүрген кезден айтарлықтай ерекшеленбейді. Тек бұрынғыдай физикалық жағынан емес, психологиялық жағынан көп жұмыс істейсің. Көмекші бапкерлерім бар, солармен де кеңесіп отырамын.
- Яғни, жаттықтырушылық қызмет сізге ұнап жатыр ғой...

- Қазіргі жұмысым өте қызық. Жауапкершілігі де жоғары. Біздің мақсат – ұлттық құрамаға жас буынды жақсы дайындықпен өткізу. Сол үшін еңбек етіп жатырмыз. Өзіме бағынбаған биік шәкірттеріме бұйырса екен деймін. Мен Азия чемпионатын үш рет ұтсам, шәкірттерім бес рет ұтсын. Тілек сол.

- Он жылдан аса уақыт бойы команданың үздігі болдыңыз. Еркін күрестен өтетін барлық турнирге қатысқаныңыз да рас. Олимпиада медалі бұйырмағанына өкінесіз бе?

- Үлкен спортта қанша жыл жүрсем де, Олимпиаданы бағындыра алмадым. Мойындаймын. Ойлап қарасам, қате көп кетіпті. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы мен 2020 жылғы Токио ойындарында медаль алатын шамам болды. Бірақ бәріне өзімді кінәлаймын. Қолда тұрған нәрсені жіберіп алдым, керегінше жаттықпадым, қателіктен дұрыс сабақ алмадым... Дінде жүрген соң, маңдайға жазылғаны осы деп, тәубеге келесің. Алайда, Олимпиададан келген соң қатты қиналдым. Жүлде қол созым жерде тұр еді ғой... Енді Олимпиада жүлдесінің шәкірттеріме бұйырғанын армандаймын.
- Өз салмағыңызда кіммен қайтадан күрескіңіз келеді? Әлемдік деңгейдегі балуандардан кімді жеңе алмай кеттіңіз?

- 2019 жылғы әлем чемпионатының финалында ұтылған Гаджимурат Рашидовпен қарымта өткізгім келді. Жапондық Олимпиада чемпионы Такуто Отогуромен де күрескім келетіні рас. Қазір де олармен белдескім келеді,шыны керек. Мен олардың әлемдік деңгейдегі балуандар екенін, олардың дәрежесі әлдеқайда биік екенін мойындадым. Кейін көз жүгіртсем, менде жеңіске деген жігер мен мінез мықты екен. Небір қиын белдесулерді осы жігер арқылы, мінез арқылы алып шыққандаймын. Егер менімен жақсылап жұмыс істейтін бапкер болғанда, жетістіктерім әлдеқайда көп болар ма еді?! Бүгінгі күніме де шүкір, осыған жетпеген қаншама спортшы бар?! Талай жыл тер төгіп, Қазақстан чемпионатын ұта алмай кеткен жігіттерді көрдім. Ұлттық құрамада үзіліссіз 11 жыл бойы күрестім. Ең қиын деген жекпе-жектер артта қалды. Осы 11 жыл ішінде толассыз жаттығудың нәтижесін көре алмай, сынып кеткен балуандар болды. Оның қасында мен күрестегі барлық турнирге қатысып, жүлде алдым. Тек Олимпиада бағынбай кетті. Сондықтан, осы жетістігіме де тәубе деймін.

- Жаңа маусымнан бастап ұлттық құраманың бас бапкері ауысты. Мадияр Құрамысов туралы қандай пікірдесіз?

- Мадияр ағай өте тәжірибелі маман. Бас бапкерлік қызметке дейін барлық баспалдақтан өтті, жастар командасын жаттықтырды. Өз жұмысын бастан-аяқ білетін, не істеу керектігін жақсы түсінетін кісі. Мадияр ағаймен бірге команда жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін. Ұлттық құрамаға мені де шақырған, бірақ тәжірибем әлі аз. Бас тарттым. Қазір бапкер ретінде біраз ысылып, болашақта бас командаға ауысу ойымда бар.

- Еркін күрестен Қазақстан командасының қазіргі үздіктері туралы пікіріңіз де маңызды. Азияда екі рет топ жарып, әлем чемпионатында күміс алған Нұрғожа Қайпановты жанкүйерлер көп сынап жүр. Бұл туралы не айтасыз?

- Иә, Қайпановтың қазіргі нәтижелері төмендеп кетті деп жатқандар көп. Бұл спорт, сондықтан, өрлеу де, құлдырау да болады. Бір кездері бағың мен бабың қатар келсе, енді бірде істеген ісің өнбей кетеді. Нұрғожа да қазір сондай кезеңде жүр. Қайпанов ең алдымен психологиялық тұрғыдан жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Содан соң, шабуылға басымдық беретін күрес мәнерін таңдау керек сияқты. Оның күресін реттеп, жақсы бағыт беретін мықты бапкер қажет.

- Нұрғожаның ел ішіндегі басты қарсыласы Данияр Қайсанов Токиодан кейін көзге түскен жоқ. Ол командаға оралуы мүмкін бе?

- Даниярмен телефон арқылы сөйлесіп тұрамын. Ол дайындықты бастап кетті. Қазақстан чемпионатында Қайсанов пен Қайпановтың белдесуін көреміз деген ойдамын. Өйткені, Азия ойындарына аттанатын құрам ел біріншілігінен соң жасақталмақ. Оған дейін Данияр да бабына келіп үлгереді деген сенімдемін.

- Әлішер Ерғалидің аса ауыр салмаққа ауысқанын қалай қабылдадыңыз?

- Негізі, ауыр салмаққа екі жыл ерте ауысты деп ойлаймын. Бұл тек менің жеке пікірім. Парижге дейін 97 келіде белдессе, Олимпиададан жүлде алатын бала. Енді бастамасын байқаймыз. Азия чемпионатында өзін дәлелдей алса, ауыр салмақта қалғаны жөн. Ал егер біз ойлағандай болмаса, 97 келіге қайта оралуға кеңес беремін. Салмақ ауыстыратын болса, міндетті түрде диеотолог көмегін пайдаланып, соның нұсқауымен ауысқаны дұрыс. Бұл да біздегі басты проблемалардың бірі. Диеотолог, массажшы, жеке бапкер мәселесі жолға қойылмаған. Ал америкалық Джордан Барроуздың бір өзінде осындай мамандар тұрақты түрде жұмыс істейді.
- Ізіңізден ерген спортшыларға, ұлттық құрамадағы балуандарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Балуандардың барлығымен сөйлесіп тұрамын. Бар білгенімді бөлісіп, ағалық ақылымды да аямаймын. Жігіттер физикалық дайындыққа көп көңіл бөлсе екен. Себебі, қазір күресте кімнің физикалық жағдайы мықты, кім төзімді, солар жеңіп жатыр. Америка мен Иран балуандары да осыны ұстанады. Спортшыларымызбен  сөйлескен сайын, осыны бірнеше рет ескертемін.