Астана өткізген жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты қалай аяқталды?

Б.Төлеуов
Б.Төлеуов
Астана өткізген жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты қалай аяқталды?
Басқа

Астанада алғаш рет жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионаты өтті. Бұл жарысқа сары құрлықтың 31 елінен 360 спортшы келді. Олар жеңіл атлетиканың 26 түрінен сайысқа түсті. Ұлттық құрама өкілдері 6 алтын, 3 күміс пен 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.

Әрине, кейбір дисциплиналарда жақсы бәсекелестік болса, кейбірінде негізгі тартыс тек қазақстандық спортшылар арасында өтті. Мысалы, қыздар арасында биіктікке секіруде Өзбекстан спортшыларын күткен едік. Светлана Радзивил, Сафина Садуллаева секілді мықтылары бар болатын. Алайда олар келген жоқ. Сондықтан алғашқы үш орында өзіміздің атлеттерге бұйырды.

Құрама үздігі, Семей қаласының тумасы Надежда Дубовицкая 1,89 метрмен чемпион атанды. Екінші орын Кристина Овчинниковаға бұйырды. Негізі алматылық спортшы да 1,89 метрді бағындырған. Бірақ ол Дубовицкаяға қарағанда, көбірек талпыныс жасаған. Үздік үштікті жас атлет Елизавета Матвеева (1,84 метр) қорытындылады.

«Вьетнамның алтын қызы» атанған Нгуен Тхи Оань әйелдер арасындағы 1500 метрде өзінің мықтылығын дәлелдеді. Жазғы Азия ойындарының қола жүлдеге мәреге 4:15.55 минутта жетті. Екінші орынды жапониялық Юме Гото (4:19.29 минут) иеленді. Әйгерім Шыназбековадан кейін жеңіл атлетикада қарагөз қазақ қыздары көрінбей кеткен. Енді, міне, сол олқылықты Ақбаян Нұрмамет толтырды. Отандасымызға осы сайыста қола жүлде бұйырды. Ақбаянның көрсеткіші –4:21.31 минут.

Отандастарымызды «терлеткен» сайыс түрлерінің бірі қыздар арасындағы 60 метрге жүгіру болды. Ел намысын Ольга Сафронова қорғаған еді. Отандасымыз мәреге екінші келді. Уақыт көрсеткіші – 7,32. Алтын медаль Иран қызы Фарзане Фасихиге бұйырды. Ол мәреге 7,28 секундта жетті. Парсы елінің спортшысы өз елінің рекордсмені. Жеке рекорды – 7,25.

Ольга Сафронова өткен жылы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған жарыста бұл қашықтықты 7,26 секундта жүгіріп өтіп еді. Әзірге ол рекордына жақындай алар емес.

Сонымен қатар тағы бір үкілі үмітіміз Михаил Литвинге де күміс жүлде бұйырды. Солтүстік Қазақстан облысының 27 жастағы атлеті ерлер арасында 400 метрге жүгіруден сынға түскен. Спортшы 46.39 секунд нәтижесімен мәре сызығын екінші болып кесті. Ол Катар спортшысы Амар Исмаил Ибраһимге (46.25 секунд) бірнеше миллисекундка есе жіберді. Үздік үштікті қытайлық Фан Тианруи (47.30 секунд) қорытындылады. Михаил Литвиннің жеке рекорды – 45,25 секунд екенін еске салып өтеміз.

Енді алтын алғандарға тоқталып өтсек, әйелдер арасында 400 метрге жүгіруден отандасымыз Элина Михина 54.07 секунд нәтижесімен қарсыластырынан оқ бойы озық шығып Азия чемпионатының алтын медалін иеленді. Екінші орынды вьетнамдық спортшы Ти Уен (54.67 секунд), үшінші орынды индонезиялық Шри Мая (54.88) иеленді.

Каролин Кипкируй әйелдер арасында 3000 метрге жүгіруде алдына жан салмай, 9:01.98 нәтижесімен Азия чемпионы атанды. Күміс жүлде қытайлық Уга Хэге бұйырса, Жапон желаяғы Юма Йамамото үздік үштікті түйіндеді.

60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Давид Ефремовке тең келер ешкім болмады. Спортшы аталған қашықтықты 7.65 секундта кесіп өтті. Тайбэйлік Чем Куе Ру (7.68) екінші, жапониялық Шукей Ишикава (7.70) үшінші орынға ие болды. Негізі, 2014 және 2016 жылғы жабық кешендегі Азия чемпионатының күміс жүлдегері Кувейттен келген Якуб Әл-Юха үздіктер қатарынан табыла ма деп едік, төртінші орыннан әрі аса алмады. Михаил Литвин жекелей сында топ жара алмаса да, командаластарымен бірге 400 метрге эстафеталық сайыста үздік шықты. Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық рекорды жаңарды (3:09.15 секунд). Михаил Литвинмен бірге Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Вячеслав Земс жүгірді. Күміс жүлде Қатар командасына (3:09.26), қола Тәжікстан құрамасына бұйырды.

Әйелдер құрамасы да эстафетада (4+400 м) мәре сызығын бірінші болып қиды. Аделина Земс, Александра Залюбовская, Кристина Кондрашева мен Элина Михина алдына жан салған жоқ. Көрсеткіші – 3:44.21 секунд.

Ерлер арасында биіктікке секіру сайысына мықтылар жиналыпты. 2022 жылғы жабық кешендегі әлем чемпионатының жеңімпазы, Оңтүстік Корея өкілі У Сан Хек пен 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сириялық Мадджид Эддин Газаль келген еді. Бірақ бұл екеуі тиісінше екінші және үшінші орынды қанағат тұтты. Олардың алдын 2,28 метрге секірген жапониялық Рёити Акамацу орап кетті.

1500 метрге жүгіруде 2014 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Мохамад Әл-Гарни (Қатар) Астанада екінші орынмен шектелді. Өйткені бұл қашықтықта жапон спортшысы топ жарды.

Ядро серпуде Иван Иванов сенім артылып еді. Бірақ жоғары нәтиже көрсете алмады. Бар-жоғы 18,10 метрмен төртінші орында қалып қойды. Басты фаворит саналған Үндістан спортшысы Таджиндерпал Сингх Тур сенімді түрде жеңіске жетті. Ол бұған дейін 2018 жылы жазғы Азия ойындарында, 2019 жылы құрлық біріншілігінде жеңіске жеткен.

Үш қарғып секіруде әйелдерден Өзбекстан спортшысы Шарифа Давронованың үздік шығатына ешкімнің күмәні болмаған. Ольга Рыпаковадан кейін Азия құрлығында осы спортшы көшбасшы болуы мүмкін. Шарифа былтыр жастар арасында әлем чемпионы атанған. Бұл жолы Астанада 13,98 метрмен чемпион атанды.

Ерлер арасында үш қарғып секіруден Қытайлық Фан Яо Кинг 17.20 метр нәтижесімен топ жарды. Үндістандық Правин Чизравел 16.98 нәтижесімен екінші орын, кореялық Ю Гюмин 16.73 метр нәтижесімен үштікке тұрақтады.

Сонымен, еліміздегі заманауи жеңіл атлетика кешеніндегі X Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.Ашылу салтанатына ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты. Қазақстан ұйымдастыру жұмыстарына барынша көңіл бөлгені көрініп тұрды.Әйтпесе, жеңіл атлетикадан Азия құрлығында жарыстардың деңгейлері көп жағдайда төмен өтеді.