Есімі ерекше Моңғолиядағы қазақ балуаны жайлы не білеміз?

Есімі ерекше Моңғолиядағы қазақ балуаны жайлы не білеміз?
Дзюдо

Моңғолияда Кәдірбек Ёлка атты этникалық қазақ дзюдошысы бар екен. Бұл туралы әлеуметтік желіде Анық Көкенайұлы есімді жанкүйер жазды, деп хабарлайды bassport.kz.

Кәдірбек Ёлка 2000 жылы Сэлэнгэ аймағының Жавхлант сумынында дүниеге келген.

Әкесі Кәдірбек Баян-Өлгий аймағының Өлгий сумынында туып өскен. Кейін Сэлэнгэ аймағына көшкен. Ёлка 7 сыныптан бастап жудо, самбо күресімен тұрақты түрде айналысқан. Алғашқы жаттықтырушысы Балжинням. Өзі үйдің үлкені.

Ол моңғол тіліндегі мектепте оқып, жергілікті моңғолдармен араласса да әке-шешесі балаларына қазақы тәлім-тәрбие берген. Мектептен соң, спорт және дене шынықтыру мамандығын оқып бітірген.

Қазіргі уақытта Дархан аймағының атынан ішкі жарыстарға қатысады.Барлық додаларға ешқандай қолдаусыз,ешкімнің көмегінсіз өз күшімен барып қатысып жетістікке жетіп жүр. Осындай жалындап тұрған талантты балуанға мықты бапкер, демеуші қажет…

Жетістіктері:

Жудодан Дархан-уул аймағының 5 дүркін чемпионы. Жасөспірімдер арасында Моңғолия чемпионатында 2 күміс, 2 мәрте қола медаль еншілеген.Жастар арасындағы Моңғолия чемпионы. Студенттер арасында Моңғолия чемпионатында 2 күміс алған. Президент кубогының қола жүлдегері. Жастар және ересектер арасында көптеген халықаралық жарыстарда жүлдегер атанған. Ересектер арасында 2023 жылғы Моңғолия чемпионатының қола жүлдегері. Моңғолия құрамасының мүшесі.

Самбодан жасөспірімдер арасында Моңғолия чемпионы. Азия балалар ойындарының қола жүлдегері. Жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Жастар арасында Моңғолия чемпионатының қола жүлдегері. Дархан-уул аймағының 2016 жылғы "үздік самбошысы» атанған.

Самбодан Моңғолияның спорт шебері.