Әлемге танылған спортшы қазақ қыздары
Қазақ қыздары да спортта биік белестерді бағындыра алады. Тіпті, Олимпиада чемпиондары, жүлдегерлері де бар. Осы ретте bassport.kz тілшісі елімізді әлемге танытқан және жат жұртта жүріп-ақ топ жарған қазақ қыздары туралы сөз қозғамақ.
Кеңес одағы тұсында да қазақ қыздарынан спортшы болмады деп айта алмаймыз. Бұрымдылардан ең алғаш болып спорт шеберін нормативін 1952 жылы мерген қыз Гүлшат Майлыбаев орындаған екен. Одан кейін АДК волейбол командасында Гүлшат Рахымова өнер көрсетсе, шахматтан апалы-сіңілі Гүлнәр мен Эльвира Сахатова, спорттық гимнастикада Қарлығаш Қалиева, семсерлесуден Ерке Орманбаева және басқалар болды. Олар КСРО деңгейінде жарыстарда оза шапты. Әсіресе, КСРО халықтары спартакиадасында талай рет жеңіске жеткендері бар. Тек Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына апармады.
Тұңғыш қатысушы
Одақ тұсында еліміздегі спортшы қазақ қыздарына Олимпиадаға бару бақыты бұйырмаса, есесіне Моңолияда тұратын Алданыш Рамазанқызы алғаш болып 4 жылдықтың басты додасында өнер көрсеткен екен.Ол тек қазақ қыздары арасында ғана емес, Моңғолия тарихында да Олимпиадаға қатысқан алғашқы әйел көрінеді. Алданыш апамыз жүгірумен айналысқан, Жеңіл атлетиканың орта қашықтыққа жүгіретін дистанцияларын таңдаған. Моңғолиядағы жеңіл атлетикадан өзі орнатқан рекордты 30 рет өзі жаңғыртыпты. Бұл кез келген спортшының қолынан келе бермейтін үлкен ерліктердің бірі.
Моңғолиядан Қазақстанға орналған журналист Бекен Қайратұлы Алданыш Рамазанқызы туралы талай рет жазды. Одан бөлек, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тілшісі Айнұр Омар да Моңғолияға арнайы барып, сюжет дайындап келгені бар. Жоғарыда аталған тілшілердің мәліметтеріне сүйенсек, Алданыш Рамазанқызы 1945 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1965 жылы медицина техникумын, 1972 жылы Мемлекеттік дене шынықтыру спорт институтын бітірген . Ұлан-Батыр қалалық №18 орта мектепте оқып жүргенде кезінде-ақ жүгіруден алдына жан салмапты. Оны байқаған сол кездегі Иванов деген бапкер 6-сыныптың оқушысын жеңіл атлетика секциясына қабылдаған. Кешікпей талантты қыз ұлттық құраманың сапынан бір-ақ шығады. Бұл 1961 жыл еді.
Ал Олимпиада ойындарына 1964 жылы қатысқан. Жапония астанасы Токиода әйелдер арасындағы 400 метрлік қашықтыққа жүгіргенде 68 жүйріктен 20-шы, 800 метрлік қашықтыққа қатысқан 75 спортшыдан 22-ші орынға ие болыпты. Әлемнің 70-80 елінің таңдаулы жүйрік қыз-келіншектері қатысқан мұндай додада алғашқы жиырмалықтан көріну екінің бірінің қолынан келе қоймасы анық.
Алғашқы чемпион
Ал әзірге қазақ қыздарының арасында Олимпиада чемпионы болған жалғыз спортшы бар. Ол биатлон құрамасында өнер көрсететін Динара Әлімбекова. Динара 1996 жылы Қ арағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген.
Әкем – қазақ, анам – орыс. Мен үш жасқа толғанда, ата-анам жұмыс бабы бойынша Беларуссияға көшіп келіпті. Осы жақта інім Женя дүниеге келді. Біздің отбасыда ешқандай кәсіби деңгейдегі спортшы болған емес. Тек атам ғана саламатты өмір салтын ұстанып, қыста қармен жуынатын. Мектептегі денешынықтыру сабағынан берген Геннадий Таевский деген ұстазым алғаш болып, шаңғы тебуге кеңес берген болатын. Бұл кезде қолыма винтовка ұстаған жоқпын.
Ол спорттық карьерасын Чаусы қаласындағы балалар және жасөспірімдер мектебінен бастаған. Динара ол кезде 11 жаста екен. Алғаш рет шаңғыға балалар бапкері Мария Ивановна Шипикова үйреткен. Басында өте қиын болыпты. Сол кезде спорттан бөлек өнер мектебінде бимен айналысып, фортепиано ойнап жүрген. Екеуін қатар алып жүру оңайға соқпады дейді. Өзіне өнерге қарағанда, спорт ұнаған
Анам жаттығуға жібермеген кездері, тіпті, жылап та алатынмын. Спорт пен өнердің біреуін таңдау керек болды. Мен біржола спортқа ден қоятын болып шештім. Бір жылдан кейін спорт мектебіне қабылдандым. Андрей Иванов деген бапкердің тобында жаттықтым. Көп ұзамай алғашқы жарыстар басталды. Ең бірінші Ресей жерінде өнер көрсеттім. Дегенмен әлі күнге ноталарды ұмыта қойған жоқпын. Алғашында спорттық жарыстарға барып жүргенде, емтихан тапсыру үшін нотасы бар кітапты өзімен қоса алып жүретінмін, - дейді Динара Әлімбекова.
Спортшы 2015 жылы Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының командалық сайысында топ жарды. Ал 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы Олимпиада ойындарында Надежда Скардино, Ирина Кривко, Динара Әлімбекова және Дарья Домрачевалармен бірге командалық эстафетада топ жарды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай өзгерді. Олимпиадаға өз еліміздің атынан қатысатын қазақ қыздары да көбейе бастады. Қазақстанның атынан ең алғаш болып, Олимпиадаға конькимен жүгіруші Кенжеш Сәрсекенова қатысқан. Жазғы спорт түрлерінен мұндай мәртебеге мерген қызымыз Дина Аспандиярова ие болды.
Тәуелсіздік жылдарындағы кезең
Тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай өзгерді. Олимпиадаға өз еліміздің атынан қатысатын қазақ қыздары да көбейе бастады. Қазақстанның атынан ең алғаш болып, Олимпиадаға конькимен жүгіруші Кенжеш Сәрсекенова қатысқан. Жазғы спорт түрлерінен мұндай мәртебеге мерген қызымыз Дина Аспандиярова ие болды.
Кенжеш 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) 3000 метрге жүгіріп, мәреге 24-болып келді. Ал Дина 1996 жылы Аталантаға жолы түскен 25 бұрымдының арасындағы жалғыз қазақ қызы болатын. Бірақ сол жолы өнер көрсете алмады. Есесіне, Аспандиярова 2000 жылы Сиднейде жүлдеге жақын болған. 10 метрлік қашықтықтан пневматикалық тапанша көздеуден іріктеу кезеңінде үшінші орынға тұрақтады. Сосын финалда 8 мықтының арасында сәл қобалжып, алтыншы орынды қанағат тұтады.
Осыдан кейін Дина сол кездеггі нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері Анатолий Бабушкинаға тұрмысқа шығып, екеуі елден кетеді. Алдымен, Ресей құрамасында өнер көрсетсе, кейін Аустралияға қоныс аударады. Дина Аустралияның атынан 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Айтпақшы, шетелде тұратын спортшы қазақ қыздарының арасында апалы-сіңілі Сахатовалар да бар. Біреуі Ұлыбританияда, екіншісі Люксембургта екен.
Арада 4 жыл өткенде Афиныда тағы 4 қарагөзіміз бақ сынаса, 2008 жылы Бейжіңде бұл көрсеткіш 10-ға жетті. Ал 2012 жылы Лондонда 7-ге азайды. Қазақ қыздары үшін ең сәтті Олимпиада әзірге Рио болып тұр. Бразилия жерінде Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Эльмира Сыздықова ( әйелдер күресі), Дариға Шәкімова, Жайна Шекербекова (екеуі де – бокс), Сабина Әшірбаева (көркем гимнастика), Мариан Ордабаева (дзюдо), Гүлжанат Жанатбек, Диана Айдосова (екеуі де – жеңіл атлетика) , Айнұр Есбергенова, Жансель Дениз (екеуі де – таэквондо).
Осылардың үшеуі жүлдеге ілікті Жазира Жаппарқұл ауыр атлетикадан 69 келіге дейін салмақта күміс жүлдеге ие болса, боксшы Дариға Шәкімова мен балуан Эльмира Сыздықова тұғырдың үшінші сатысынан көрінді. Одан бөлек, бокстан әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай, Дина Жоламан, теннисте талай додаларда оза шапқан Зарина Диас, мәнерлеп сырғанаудан әлемнің вице-чемпионы атанған Элизабет Тұрсынбаева, дзюдодағы Абиба Әбужақынова, шахматтағы Бибісара Асаубаева, Жансая Мәлік пен Динара Сәдуақасоваларды да ерекше айтуға болады.
Екі дүркін әлем чемпионы
Екі дүркін әлем чемпионы атану кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл белестегі шахматтағы Бибісара Асаубаева бағындырды. Ол 2021 жылы желтоқсан айының соңында алғаш рет жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионы атанған. Польшаның Варшава қаласындағы жетістігін былтыр Алматыда да қайталай алды. Отандасымыз екі дүркін чемпион болды.
Қос күміс
Балуан Жәмилә Бақбергенова да екі күміс бар. 72 келіге дейін белдесетін балуан қыз 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022 жылы Белградта финалға дейін жетті. Енді келесі жылғы әлем чемпионатында топ жарады деп үміттенеміз.
Ал волейбол, футболдан азын-аулақ болса жүрген қазақ қыздары бар. Ендігі кезекте еліміздің атынан қатысып, Олимпиада чемпионы атанған қазақ қызы болса деп армандаймыз.