Сметов жоқ, есесіне Еуропада мисс атанған ару бар. Дзюдодан жылдың алғашқы жарысына кімдер қатысады?

Б.Төлеуов
Б.Төлеуов
Сметов жоқ, есесіне Еуропада мисс атанған ару бар. Дзюдодан жылдың алғашқы жарысына кімдер қатысады?
Дзюдо

Дзюдодан жаңа маусым басталуға жақын. Қаңтар айының 28-29-ы күндері Португалияның Алмада қаласында әлемдік Гран-При кезеңі өтеді. Осы додаға қатысатын қазақстандықтар жайлы BasSport.kz тілшісі қысқаша шолу жасап көрмек.


Бірінші кезекте жылдың алғашқы жарысы болғандықтан шығар, бапкерлер штабы жастарға көбірек сенім артқан. Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаевтар бұл жарыстан тыс қалды. Дегенмен, тәжірибе балуандардан Жансай Смағұловқа мүмкіндік беріліп отыр. Ол былтыр жарақатына байланысты Азия чемпионаты мен әлем біріншілігінен қалыс қалған.



Сондықтан 30 жастағы балуанға қайта бабына келу үшін татамиге шығу маңызды. Жансая үшін бұл соңғы олимпиадалық цикл. Парижге жолдама ала алмай қалса, құрамадан кетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар Пиреней түбегінде белдесетіндердің қатарында Дидар Хамза да бар екен. Ташкенттегі әлем чемпионатынан кейін бапкерлер штабы бұл балуаннан көңілі қалғандай көрінген.


Дегенмен, Дидарға тағы бір мүмкіндік беріп көрмекші секілді. Сосын осындай Гранд-При, Гранд-Слэм жарыстарында бесінші орыннан әрі аса алмай жүрген Абылайхан Жұбаназар , биыл Қазақстан чемпионы атанған Бекарыс Сәдуақас , Әділ Оразбаев, жүлдегерлер - Жамбыл Тұрғынәлиев, Бекзат Шағатаев, Ерасыл Жанатаевтар бар.



Қыздардан ерекше назар аударатыны – Әйгерім Әбілқадырова болып тұр. Ол біраз жыл татамиден қол үзіп қалған. Өйткені, 2016 жылы Еуропа кубогында жарақат алды. Сосын әлеуметтік желіде белсенділігін арттырып, фитнес-жаттықтыршылыққа кірісті. Осы аралықта грэпплингтен әлем чемпионы да атанып үлгерді. 2021 жылы «Мисс Қазақстан» байқауына да қатысқан. Бірақ «PlayBoy» журналына сұхбат беріп, суретке түскені үшін байқаудан шеттетіледі. Есесіне, былтыр  Италияда өткен "Miss Europe Continental-2022" байқауының жеңімпаз атанды.


Осыдан кейін Әйгерім дзюдодаға оралып, Атырауда өткен ел чемпионатында 52 келіге дейін салмақта топ жарды. Финалда Ақмола облысының өкілі Толғанай Әбеуовадан басым түсті. Енді Әблқадырова Португалия татамиінде белдеседі. Оның дәл осы дзюдо күресінен әлемдік жарыстарға қатыспағанына көп уақыт болған. Жеті жылға уақыт дзюдодан мұндай бәсекеге қатыспаған спортшы үшін жылдың алғашқы бәсекесі оңай болмасы анық.


52 келіге дейін салмақта Ута Абе, Жилес Челси, Река Пап, Дистрия Красники, Амандин Бушар, Диера Келдияарова және т.б әлем және Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Айтпақшы, Португалияға 2022 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Абиба Әбужақынова да бар.


Португалияға аттанатын балуандардың толық тізімімен мына жерден таныса аласыздар.