Юко, белден ұстау, және «Аюша» әдіс: Дзюдо ережелері қайта жаңартылды

Юко, белден ұстау, және «Аюша» әдіс: Дзюдо ережелері қайта жаңартылды
Дзюдо

ҰОК

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңа олимпиадалық циклге арналған ережелердің жаңартылған нұсқасын жариялады. Бұл өзгерістер спортшылардың мүмкіндіктерін кеңейту мен дзюдоның негізгі құндылықтарын сақтай отырып, оның даму деңгейін арттыруға бағытталған.

Дзюдоның дамуына және оның қауіпсіздігіне әсер ететін жаңа ережелер туралы сұрақтарға Қазақстан Дзюдо федерациясының төрешілік мәселелер жөніндегі директоры Мұқсым Нұртазин Bassport.kz тілшілеріне жауап берді. Ол бұл өзгерістердің көпшілігін дұрыс деп санайды және олардың әрқайсысына жеке түсініктеме берді.

— Юко ұпайының қайта енгізілуі туралы не ойлайсыз?

— Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Техниканы орындаған кезде спортшылардың құлауына қарай бағалау әр түрлі болуы мүмкін: біреуі жанына құлайды, біреуі арқасына, ал енді біреуі ішіне қарай түседі. Мұндай жағдайларды ажырату үшін юко ұпайын енгізу өте орынды. Бұрын бұл бағаны алып тастағаны дұрыс болмады.

— Баспен лақтыру мен қорғау әдістерінің рұқсат етілуі спортшылардың қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

— Бұл әдістердің рұқсат етілуіне ұзақ ойланғаны анық. Еркін күрес пен грек-рим күресінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі, ал дзюдода олар аздау болады. Егер бұл әдістерді мүлде алып тастасақ, күрестің негізгі мәні жоғалады. Сондықтан ережеге енгізілген өзгерістерді дұрыс деп санаймын.

— Неліктен жасөспірімдер арасында бұл әдіске тыйым салынған?

— Себебі жасөспірімдердің дене бітімі әлі толық қалыптаспаған, үлкен жарақат алу қаупі бар. Бұл олардың денсаулығын қорғау үшін жасалған маңызды шешім.

— Белден төмен ұстауға рұқсат беру шабуыл әдістерін қалай өзгертеді деп ойлайсыз?

— Бұл да орынды шешім. Мысалы, ко учи гари немесе о учи гари сияқты техникаларды орындау кезінде белден жоғары ұстап әдіс жасау қиын. Сондықтан белден төмен ұстауға рұқсат берілді. Бірақ бұл тек шабуыл жасауға арналған болса ғана рұқсат етіледі.

— Қарсыласты ұстағаннан кейін шабуыл жасауға берілетін 30 секунд жеткілікті ме? 

— Әрине, жеткілікті. Егер уақытты ұзартсақ, күрес өте баяу болып, өзінің тартымдылығын жоғалтады. Көрермендер дзюдоның әсем техникасын көруге келеді. Сондықтан уақыт шектеуі дұрыс деп ойлаймын.

— «Аюша» ұстау әдісінің рұқсат етілуі қандай мүмкіндіктер береді?

— Бұл әдістің рұқсат етілуі техника орындаудың сапасын арттырады. Талабы: толық арқаға жатқызып, кеуде мен кеуде тығыз бекітілуі керек. Егер бір аяғың астында қалып, толық бекітпей жатсаң, бұл әдіс есепке алынбайды.

— Кері сэой-нагэ әдісінің рұқсат етілуі жарыстардың динамикасына қалай әсер етеді?

— Бұрын бұл әдісті алып тастап еді, себебі оны орындаған кезде көп спортшы желкесіне құлайтын. Қазір жасөспірімдер үшін шектеу бар, бірақ ересек спортшылар бұл әдісті өз-өздерін бақылай отырып орындай алады. 

Мұқсым Нұртазин дзюдодағы жаңа ережелерді негізінен қолдайтынын және олардың тиімділігі уақыт өте келе түзетілетінін айтады:

— Парижде өтетін Гран Слэмде кейбір өзгерістер енгізілуі мүмкін. Барлық ереже бірден дұрыс болып кетпейді, бірақ уақыт өте келе толықтай жетілдіріледі.

Жаңа ережелер спортшылардың өнерін жаңа деңгейге көтереді ме, әлде оларды жаңа қиындықтарға тап қылады ма? Бұл сұрақтың жауабы алдағы жарыстарда белгілі болмақ