Сұлулық пен күрзі жұдырық үйлесім тапқан. 18 жасында әлем чемпионы атанған қазақ туралы не білеміз?
Былтыр қараша айында Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеде отандастарымыз арасынан Бақыт Сейдіш (66 келі) пен Элина Базарова (54 келі) топ жарған еді. Соңғысы тек жеңісімен ғана күлкісімен де жанкүйерлердің жүрегін баулап алды.
Бокс - әдетте ерлердің спорты деп жатамыз. Бірақ қазір қолына бокс қолғабын киіп, груша ұрып жүрген аруларымыз да жетерлік. Ел арасында боксшы қыздарға қатысты қалыптасқан бір стеротип бар. Яғни, сұсты, жұдырығы жуан, қызға тән майысу, сүйкімділіктен ада деп ойлап жатады. Бірақ осының бәрін жоққа шығаратын боксшының бірі осы - Элина Базарова.
18 жастағы шымкенттік спортшы жұдырығымен, сұлулығымен талайды есіне таңдыра алатын қабілетке ие. Базарова Испаниядағы әлем чемпионатында қарсыластарының ешқайсысына мүмкіндік берген жоқ. Финалда неміс боксшысы Куцохристоу Крисовалантуды жеңді - 5:0 (30-26, 30-26, 30-27, 29-27, 29-27). Бірінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жібергені тағы бар. Оған дейін Күншығыс елі мен Үндістаннан келген спортшы 5:0 есебімен ойсырата жеңсе, ал нидерландылық боксшыдан 3:2 есебімен басым түсті.
"Эмоциямды жасыру мүмкін емес. Әлем чемпионы атанғаныма қуаныштымын. Арманым орындалғанына әлі сене алар емеспін. Әке-шешеме алғысым шексіз. Бұл жеңісімді Қазақстанға арнаймын", - деген болатын спортшы.
Базарова 2004 жылы Түркістан облысы, Төле би ауданы,Көксерек ауылында дүниеге келген. Бокспен 9 жылдан бері айналысады екен. Жасөспірім және жастар арасында елімізде бірнеше чемпион атанған. 2019 жылы Азия бірінішілігінде қола жүлде ие болған. Осы жолы әлем чемпионатында топ жарды.
Элина дәл қазір еліміздегі спорттағы сұлу қыздардың бірі. Ол боксшыларға қатысты түсініктің бәрі бірдей сай келе бермейтінін жоққа шығарған ару. Спортшының әлеуметтік желідегі парақшасында да жанкүйерлер осы сарындағы пікір көп жазылған.
"Боксшы қыз деп кім ойлайды. Біздің түсінікті боксшы қыз - талтаңдап жүретін, қатып қалған бейне. Сіз соның бәрін жоққа шығардыңыз. Егер Мисс Қазақстанға қатыссаңыз ол жақтан да жеңіске жетер едіңіз", - деген Сұңғар есімді оқырман.
Әлеуметтік желіде қызына үнемі анасы қолдау білдіріп отыратынын байқауға болады. Анасы Айнұр Сеңгірбаева - қызының бірінші жанкүйері екені көрініп тұр.