CR7 кезекті рекорды: Роналду бес бірдей әлем чемпионатында гол соққан жалғыз футболшы атанды

CR7 кезекті рекорды: Роналду бес бірдей әлем чемпионатында гол соққан жалғыз футболшы атанды
Футбол

Катардағы доп додасында топтық кезеңнің алғашқы кездесулері аяқталуға жақын. 24 қараша күні әлем жанкүйері асыға күткен матчтардың бірі өтті. Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы Ганаға қарсы ойнап, тартысты матчта 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ал бұл кездесуде Криштиану өзінің ұлы ойыншы екенін айғақтайтын тағы бір рекордты қанжығасына байлап, соңғы кездері өзін жиі сынаушыларға жақсы жауап қайтарды.


Португалия мен Гана арасындағы матч біз күткендей қарқынды басталған жоқ. Тіпті, бірінші таймда қақпаға бағытталған нақты соққылар саны мүлде аз болып, асыға күткен голды көре алмадық. Алаңға шыға сала, Гананы баса-көктеп өтетіндей көрінген португалдар африкалық команданың қорғанысынан кері қайтып жатты.


Есесіне, екінші таймда футболшылар бір емес, бес гол сыйлап, жанкүйер еңсесін көтеріп тастады. Алғашқы голды басқа емес, әйгілі КриРо салып, қатарынан бесінші әлем чемпионатында доп соққан тарихтағы алғашқы ойыншы атанып отыр.



Иә, тарихқа үңілер болсақ, бес бірдей әлем чемпионатына қатысқан атақты ойыншылар жетерлік. Лотар Маттеус, Антонио Карвахаль, Джанлуиджи Буффон, Рафаель Маркес сында даңқты футболшылар да бес мундиальдың көркін қыздырған. Роналдумен бірге бесінші әлем чемпионатына келгендер қатарында мексикалық қақпашы Гильермо Очоа мен әйгілі аргентиналық Лионель Месси де бар. Бірақ ешқайсысы Роналду сияқты өздері қатысқан барлық әлемдік додада гол салған емес.


Өмір бойы Криштианумен текетіресіп келе жатқан Лионель Мессидің өзі 2010 жылғы әлем чемпионатынан голсыз оралған. Демек, Роналду үшін бұл әлем чемпионаты, бүгінгі матч пен бүгінгі гол ауадай қажет еді.


Криштиану Роналду Португалия құрамасы сапындағы алғашқы әлем чемпионатына 2006 жылы қатысты. Германиядағы доп додасының басты жұлдызы атанса да, сол сында ол бір голмен шектелді. Әлем чемпионатындағы тұңғыш голын ол Иран қақпасына салған.


2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатында Роналду Солтүстік Корея қақпасына бір гол соқты. Аталған кездесуде португалдар 7:0 есебімен жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне шықты. Алайда, болашақ чемпион Испанияға жол берді.



2014 жылы Бразилияда өткен әлем біріншілігі Португалия үшін сәтсіз аяқталып, Роналду мен оның командасы топтан шыға алған жоқ. Бірақ бұл бәсекеден де даңқты 7-нөмірлі футболшы голсыз кеткен жоқ. Криштиану Ганаға қарсы өткен матчта мергендігімен көзге түсті.


2018 жылы Ресейде өткен доп додасын Роналду өте сәтті бастады. Топтағы алғашқы матчты азулы Испанияға қарсы өткізіп, қатарынан үш гол соққан болатын. Бұл хет-тректі Криштиану әлі күнге дейін өзінің ең жақсы нәтижелерінің бірі деп есептейді.


Ал Катарда өтіп жатқан әлем чемпионаты Криштиану үшін соңғы доп додасы болуы мүмкін. Енді төрт жылдан соң қырықтан асқан Роналдуды мундиалдан көруіміз неғайбыл. Демек, оның осы әлемдік сыннан күтері көп. Өзіне ғана емес, Португалияға мүлде бағынбаған кубокты капитан ретінде төбесіне көтеруді армандайтынын ол барлық сұхбатында айтып келеді.



Осы додаға аттанар алдында «МЮ» қатарынан шығарылып, «қызыл сойқандардың» беделді ойыншыларынан көп сөз естіген Криштиану үшін бүгінгі гол үлкен медет болғаны анық. Оның үстіне, Роналду гол соққан сәттегі қуанышын тура Мессидің көз алдында тойлады... Лионельдің суреті алаң жиегінде тұрған еді...