"Ақша қызықтырса, баяғыда шетел асатын едім": Отандық шорт-тректің әкесі үлкен спортпен қоштасты

Өткен аптада өмірінің 42 жылын бапкерлік қызметке арнаған Мәдіғали Қарсыбеков құрметті зейнет демалысына шықты. Жетпісінші жылдардың аяғында конькимен жүгірушілерді жаттықтыра бастаған маман кейін талай спортшыны Олимпиада биігіне жетелеп, көп ешкім елей бермейтін шорт-тректен Қазақстанды әлем үздіктерінің қатарына қосты. Еліміздің батысындағы алақандай мұз айдынында талантты жастарды тәрбиелеген «Мәдеш ағайды» шәкірттері шапан кигізіп шығарып салған болатын. Отандық шорт-тректің бастауында тұрған маманның орнын өзінің төл шәкірті Нұрберген Жұмағазиев басып отыр. Bassport.kz тәлімі мол бапкер туралы жазбаны назарларыңызға ұсынады.


Шорт-трек спорты елімізде өткен ғасырдың сексенінші жылдарында қанат жайды. Бұл кездері Мәдіғали Қарсыбековтің де 42 жылға созылған жаттықтырушылық қызметі басталған еді. Ол біраз уақыт бойы конькимен жүгірушілерді дайындап, сол аралықта Бүкілодақтық жастар ойының қола жүлдегері Светлана Жгучеваға жол көрсетті. Кейін Ақтөбеге ат басын бұрып, шорт-тректі дамытуға түбегейлі күш салды. Ал бапкер ретінде алғаш рет 1994 жылы өткен Лиллехаммердегі қысқы Олимпиадаға шәкірті Елена Синицинаны апарған болатын. Содан бері Қарсыбеков шорт-тректі дамыту үшін түрлі қиындықтарға тап болса да, аталған спорт түрінен әлемдік жарыстарда жүзіміз жарқырайтын күнге жеткізді. Бұлай деуге толық хақымыз бар. Себебі, Мәдіғали Қарсыбековтің тынымсыз еңбегінің арқасында ғана шорт-тректің тынысы ашылып, қазақ спортшылары Олимпиада жүлдесіне таласатын деңгейге шықты.


Отандық шорт-трекшілердің жолын ашқан - Сочи Олимпиадасы екені анық. Төртжылдық додасындағы командалық жарыста Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов үштігі бесінші орынға тұрақтады. Топтық сында «А» финалына өтіп, алғашқы бестіктен көріну – тәжірибесі аз болса да, жігері жанып тұрған жігіттер үшін үлкен нәтиже еді. Сочиден соң Қарсыбековтің төл шәкірттері әлем кубогі кезеңдерінде көзге түсе бастады. Нұрберген Жұмағазиев 1000 метрге, Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша 500 метрге жарысудан әлем кубогі кезеңдерінде топ жарып, 2016/2017 жылғы маусым қорытындысы бойынша Әжіғалиев әлемдік рейтингте көш бастады. 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында Абзал жартылай финалға дейін жетсе, Бейжің ойындары қарсаңында командаға тағы бір жаңа есім қосылды. Әділ Ғалиахметов 1500 метрге жүгіруден әлем кубогінің күмісін еншілеп, Олимпиадада алғашқы сегіздік қатарына сына қақты. Ал команда көшбасшысы әрі ең тәжірибелі спортшылардың бірі Абзал Әжіғалиев қолаға қол созым жерден тоқтап, Бейжіңдегі олимпиаданы төртінші орынмен тәмамдады. 2022 жылғы қысқы Олимпиада аяқталған соң көпшілік Абзалды спортпен қош айтысады деп болжаған. Бірақ Абзалдан бұрын Мәдіғали ағай зейнет демалысына шығуды жөн санапты. Тәжірибелі шәкіртін жастарға жол көрсетіп, әлі де бас-көз болуға үндесе керек. Әлі есімде, Бейжіңдегі финалдан соң Қарсыбеков сол байсалды қалпынан таймай, санаулы сәттер бұрын тарихи жүлдеден айырылып қалған Абзал туралы айтты.


«Біздің жігіттеріміз үшін 500 метр ең ыңғайлы қашықтық еді. Финалда Әжіғалиев қарсыластарын күтіп қалды. Егер бірден үшінші орынға шығып алғанда, сол орнын сақтап қалатын мүмкіндігі мол болатын. Бесінші орыннан қуып жету қиынға түсті, оның үстіне италиялық та біраз кедергі келтірді. Абзал сырттан шабуылдауға талпынды, бірақ біраз уақытын шығындап алды», - деді ол асықпаған күйі.



Еліміздегі спорттық жүйенің әлі дұрыс қалыптаспағанын ескерсек, Мәдіғали Қарсыбеков команданың бапкері ғана емес, менеджері, демеушісі, психологы, тіпті, коньки егейтін механигі міндетін де атқарды.


«Әлемнің үздік командаларына қарап, олардың толық штабпен жүретінін байқаймын. Бапкерден бастап механикке дейін бар. Мамандардың аздығынан біз бұл деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Кәсіби мамандар саусақпен санарлық қана. Жас мамандар дайындық жүйесінің барлық қыр-сырын біле бермейді. Ал шетелден шақыратын маманға көп ақша төлеу қажет. Біздің механикті де шетелге шақырған. Бірақ мен оны тоқтатып, еліміздегі шорт-тректі дамытатын адамдар керектігін айттым. Ақшаның соңына түспеу керек. Оралда спорттың бұл түрін жетілдіру үшін маған 12 мың теңге төлейтін. Киім ауыстыратын бөлмеде ұйықтадым. Бірақ команданы жасақтай алдым. Мен басқа жаққа кетіп қалмау үшін балалар тамақ әкеліп, қолдау көрсететін. Егер мені ақша қызықтырса, баяғыда шетел асатын едім ғой. Шыдадым. Бәріне көндім.Нәтижесінде әлем үздіктерімен тайталаса алатын қыз-жігіттерді өсірдім. Маған деген сенімнің арқасында мұның бәрі... », - деді бапкер бір сұхбатында.


Ал ұлттық құраманы соңғы жылдары Ресейдегі жаттығу жиындарына жиі апарды. Мұның себебі де жоқ емес. 


"Кейінгі жылы Ресейде жиі жаттықанымызды айтып өттім. Уфада Семен Елистратовқа арналған, тек қана шорт-трекшілерге арналған үлкен кешен бар. Мұнда тек қана осы спорт түрлерінің өкілдері жаттығады. Міне, сол спорт кешенінде дайындалып, еңбек еттік. Біздегі мұз айдындарын кімде ақша бар, соларға ғана береді. Федерацияға айтар өкпем көп. Үш Олимпиаданы өткіздік, бізге бірде-бір рет көмекке келген жоқ", - деп назын айтты.



Мәдіғали Қарсыбеков ендігі уақытын немерелерінің қасында өткізбек. Зейнетке шықса да, өз шәкірттерінің аяқ алысын үнемі бақылауда ұстайтыны анық. Нұрберген Жұмағазиевтің тәжірибесі мен ұстаздан алған тәлімі бапкерлік қызметте басты бағдар болатынына Мәдіғали ағай кәміл сенеді. Ақ сақалды бапкерге қартайғанда зейнет берсін деп тілейміз...