Жолдама да, жүлде де керек: Азиада мен әлем чемпионатына қатысты бапкерлер не айтты

Жолдама да, жүлде де керек: Азиада мен әлем чемпионатына қатысты бапкерлер не айтты
Күрес

Бүгін күрес түрлерінен Сербия астанасы Белградта өтетін лицензиялық әлем чемпионаты мен Қытайдың Ханчжоу қаласында жалауы желбірейтін жазғы Азия ойындарына қатысатын балуандар тізімі толық анықталды. Ұлттық федерация Алматы төрінде журналистерді жинап, екі маңызды жарыста ел намысын қорғайтын спортшылар тізімін жария етті. Осы орайда, Bassport.kz екі турнирде бақ сынайтын құрамға қатысты кейбір сауалдарға жауап іздеген болатын.

Бірден екі жарыста күресетін кімдер

Азия ойындары әлемдік пандемияға байланысты өз мерзімінен бір жыл кейін өткелі отыр. Бұл әлемдік спорт жарыстарының күнтізбесіне айтарлықтай өзгеріс әкелді. Әсіресе, биылғы Азиада мен күрестен лицензиялық әлем чемпионатының өтетін мерзімі тым жақын. Бұл ұлттық құраманың бапкерлерін де, балуандарын да тығырыққа тірегені анық. Себебі Сербияда лицензияға таласатын кейбір балуандар араға екі апта салып, Ханчжоу кілемінде қайта күреспекші.

Атап айтар болсақ, әйелдер күресінен Елена Шалыгина, Марина Седнева мен Жәмила Бақбергенова, грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов, Олжас Сырлыбай және Әлімхан Сыздықов, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали, сондай-ақ, Юсуп Батырмурзаев екі бірдей ірі турнирде ел намысын қорғайды. Бапкерлердің айтуынша, мұндай қадамға барудың себебі де жоқ емес. Көп жағдайда аталған салмақтарда команда үздіктерінің ізін басатын білекті балуандардың жоқтығы әсер еткен.

«Әрине, екі жарысқа қатысу оңай емес. Бірақ екі апталық үзіліс балуандардың тынығып, қайтадан күресуіне әбден жеткілікті. Елена Шалыгинаның салмағында былтырғы Азия чемпионы Мадина Бақбергенова бар еді. Ол жарақатына байланысты осы турнирлерден шет қалып отыр. Ал рейтингілік турнирден соң 76 келідегі Эльмира Сыздықова жарақат алды. Сол себепті, Жәмиланы Азия ойындарына осы салмақта қосуды жөн көрдік. Ол бірді-екілі жарыстарда және жаттығу жиындарында 76 келіде күресіп жүр», - дейді әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев.

Сағадиевтің айтуынша, Жәмила Бақбергенованың олимпиадалық салмаққа ауысу мәселесі әлі басы ашық күйінде қалып отыр. Жәмила Токио Олимпиадасы қарсаңында 68 келіде күресіп, екі лицензиялық турнирге қатысқан. Бірақ жолдамаға қолы жеткен жоқ. Бақбергенованың қазіргі мақсаты - биыл 72 келіде әлем чемпионы атану. Ал қалғаны уақыттың еншісінде. 

Кебіспаев әлі қатарда

Грек-рим күресінен ұлттық құрама тізгінін 19 жылдан соң қолға алған Юрий Мельниченко әлемдік додаларға аттанатын «классиктердің» лицензия мен жүлдеге таласатынын сеніммен айтты.

«Көптен бері өз мүмкіндігін күтіп жүрген Марлан Мұқашев (55 келі), біздің күрестің ардагері, бес әлем чемпионатында жүлде Алмат Кебіспаев, құрама үздіктерінің бірі Демеу Жадыраевтар әлем чемпионатында барын салатыны анық. Екі бәсекеге баратын спортшыларды елішілік және халықаралық рейтингілік турнирлер қорытындысы бойынша таңдадық. Әлем чемпионатына баратын балуандар әлемдік жарыстарда өзін жақсы қырыннан көрсеткенін айта кету керек. Бұлар расында тәжірибелі, амбициясы зор, Олимпиада лицензиясын алуға шынымен күш салған жігіттер. Бәселестік жоғары, ешнәрсе де оңай болмайды. Десе де, жеңімпаздар қатарында біздің балуандарды көреміз деген ойдамын. Ал Азия ойындарына талантты жас балуандарды апара жатырмыз», - деді грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко.

Күреспен бірге бапкерлік қызметті де қатар алып жүрген Алмат Кебіспаевтың әлеуетін Мельниченко жоғары бағалап отыр. Бапкердің айтуынша, Алмат өз салмағында еліміздегі ең мықты балуан саналады. Ол алтыншы әлем чемпионатынан жүлде алып, Олимпиада медалін алсам деген арманынан әлі бас тартпаған. 37 жасқа қадам басқан балуанның бабы енді Белград кілемінде белгілі болмақ. 

Ерғали өз салмағына оралды

Еркін күрес шеберлерінің алдындағы мақсат та айқын – әлем чемпионатынан лицензия, Азия ойындарынан көбірек медаль алу. Бас бапкер Мадияр Құрамысов құрамадағы маңызды өзгерістерге тоқталып өтті.

«Әлішер Ерғали екі жарысқа да қатысады. Ол Токио Олимпиадасынан кейін 125 келіге ауысқан болатын. Бапкерімен ақылдаса отырып, 97 келіге қайтадан түсірдік. Себебі осы салмақтағы балуандарымыз әлсіз болып тұр. Сондай-ақ 74 келідегі Азия чемпионы Дархан Есенғалиді Азия ойындарына апармақшымыз. Өйткені жаттығу жиындарында ол өзінің басты қарсыласы Нұрқожа Қайпановтан жеңіліп жүр. Дархан әзірге әлемдік деңгейдегі мықты қарсыластармен күресуге дайын емес», - дейді бас бапкер.

Күрес түрлерінен ұлттық құрама тізгінін ұстаған мамандар медальға қатысты жоспар айтуға жүрексінді ме, нақты қанша жүлдеден үмітті екенін айтқан жоқ. Десе де, екі жарыстың қатар келгені ешкімге оңай соқпағаны байқалады.

Қазіргі таңда ұлттық құрама мүшелері дайындықтың үш кезеңін артқа тастап, шешуші жаттығу жиындарына кіріспек.