Elorda Cup: Мырзағали Айтжанов турнирге бағасын берді

Elorda Cup: Мырзағали Айтжанов турнирге бағасын берді
Бокс

Бокстан Астана қаласында екінші мәрте өткізіліп жатқан «Elorda Cup» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті.

Осы орайда ерлер боксын жеке қарастырғанды жөн көрдім. Себебі, 57, 63,5, 92 келіде Азия ойындарына баратын спортшы анықталуы керек болатын. Бұл салмақтарға жауап табылды ма? Кімдер таңғалдырды? Қай боксшы сенімді ақтамады? ҚР бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов 13 салмақтың әрқайсысына тоқталып өтті.

48 келі.

1. Теміртас Жүсіпов

2. Ернұр Қайрат

3. Ернап Қарап

3. Кейшам Санжит

«Ең жеңіл салмақта өзге елдің боксшылары аз келді. Сол себепті, отандық жас бокшылар бақтарын сынады. Әйтсе де, ұлттық құраманың ең еңбекқор боксшысы, 35 жастағы Теміртас Жүсіпов 2 жыл қатарынан қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, бір бас жоғары болды. Одан бөлек, 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас 40 жасқа дейін өнер көрсетемін деген ойы бар. Оның әлі де келесі әлем чемпионатында топ жаруға мүмкіндігі бар».

51 келі.

1. Сәкен Бибосынов

2. Кенже Мұратұлы

3. Асылбек Жалилов

3. Саенфент Занарат

«51 келіде шетелден әлем чемпионатының қола жүлдегері Саенфент Занарат (Таиланд), әлем чемпионатына қатысушы қытайлық боксшы, жастар арасындағы әлем чемпионы Асылбек Жалилов бақ сынады. Өзбек боксшысы былтырғы Азия чемпионатында 48 келіде Санжар Тәшкенбайдан есе жіберген. Жалпы, Өзбекстан құрамасы осы турнирге үшінші нөмірлі боксшыларымен келсе де, мықтылығын көрсете білді. Финалда Сәкен мен Кенже ағалы-інілі секілді жұдырықтасып шықты. Кенженің финалға шығуын кездейсоқтық деп, санамаймын. Ұлттық құрамада Сәкен ағасымен бірге жаттығу өткізеді. Сәкен үшін Азия ойындары алдында жақсы тәжірибе жинады деп, айтуға болады».

54 келі.

1. Тимур Қабдеш

2. Азат Махметов

3. Карим Серкебаев

3. Дәулет Молдашев

«54 келіге тоқталмай-ақ қояйын. Себебі, кіл қазақ боксшылары өзара айқасты. Тіпті Бахрейн атынан шыққан Азат Махметов кезінде ұлттық құрамамен жаттыққан. Бұл салмақта спортшылардың біршамасы Олимпиадаға кіретін 57 келіге ауысып кетті».

57 келі. 

 1. Махмұд Сабырхан

2. Асылжан Серікбай

3. Сукзет Саравут

3. Серік Теміржанов

«Ең қызықты салмақтың бірі. Өйткені 3-4 мықты боксшы бар. Ешқайсысы осал емес. Осы турнирде Азия ойындарына кім баруға лайықты екенін көрдік. 57 келіге енді ауысқан Махмұд Сабырхан өзінің мықтылығын мойындата білді. Финалда Асылжан Серікбай жекпе-жекке шықпай, бауырына жол бергенді жөн көрді. Енді Махмұд кем-кетіктерімен жұмыс істеп, Азия ойындарында бағын сынайды».

60 келі. 

 1. Дилшод Абдумуродов

2. Бекнұр Ожанов

3. Вижай Кумар

3. Гантумур Лундаа

«Бұл салмақтағы мықтылар 63,5 келіге өтіп, Олимпиада жолдамасына таласты».

63,5 келі.

1. Ертуған Зейнуллинов

2. Хунатип Пиднух

3. Мұхаммедсабыр Базарбай уулу

«Бірнеше Қазақстан чемпионы Азия ойындарына жолдамаға таласса да, Таиландтан келген Хунатип Пиднух мықтылығын паш етті. Кеше Мұхаммедсабыр Базарбай уулу мен бүгін финалдық жекпе-жекте Ертуған Зейнуллиновке оңай болмады. Енді Париж Олимпиадасында жүлде алуды қоя тұрып, Азия ойындарында жолдама алудың өзі қиын болғалы тұр. Әлем чемпионы Руслан Абдуллаев (Өзбекстан), Шива Тапа (Үндістан), әлем чемпионатының қола жүлдегері Баһадүр Усмонов (Тәжікстан), Моңғолия боксшысы бар. Әлі де шеберлікті шыңдауды талап етеді. Елімізден Азия ойындарына нақты кім баратыны тамыз айында шешіледі».

67 келі. 

 1. Шамшер Саидов

2. Елнұр Сүйінбай

3. Темірхан Тезек

3. Рахат Сейітжанов

«67 келідегі отандық боксшылар әлі көп тер төгуі қажет. Бір ғана Тәжікстан боксшысы Шамшер Саидов 3 қазақты тоқтатты. Әлі танымал емес. Бірақ күші көп, мығым екендігі көрінеді. Өкінішке қарай, тәжік боксшысының кілтін таба алмады».

71 келі.

1. Хавасбек Асадуллаев

2. Ермахан Жақпеков

3. Талғат Шайкенов

3. Фарух Тоқтасынов

«Әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновті босатып, жастардың өнерін көрдік. Алайда бірнеше боксшымыз жастар арасындағы әлем чемпионы Хавасбек Асадуллаевтан жеңілді. Әзірге Асланбектің ізін басатын боксшы болмай тұр».

75 келі. 

 1. Нұрқанат Райыс

2. Диас Молжігітов

3. Армат Арманұлы

3. Ильяр Аширов

«75 келіде 1/2 финалда-ақ кілең отандық боксшылар жиналды. Жарыстан бөлек, олар өзара спаррингте де жаттығады. Бұл салмақта бұрыннан бері әлемді мойындатқан Геннадий Головкин, Бақтияр Артаев, Жәнібек Әлімханұлы, Әбілхан Аманқұл т.б боксшылар бар».

80 келі. 

 1. Тоқтарбек Таңатқан

2. Жасурбек Юлдошев

3. Турабек Хабибуллаев

3. Илья Киселиев

«Оқу-жаттығу жиынында әлем чемпионы Нұрбек Оралбайды жарақатына байланысты босатып, екінші нөмірлі боксшылар өз деңгейін байқап көрді. Тәжірибесі аз, жас болса да, Ерасыл Жақпеков әлем чемпионатының күміс жүлдегері Тоқтарбек Таңатқанға жақсы қарсылас бола білді. Алдағы уақытта толысып, келешегінен мол үміт күтеміз».

86 келі. 

 1. Абзал Құттыбеков

2. Шаймұрат Құсайынов

3. Парвиз Каримов

3. Сумит Сумит

«86 келіде өзге елден мықты боксшы келмеді (Үндістан боксшысы салмақ өлшеу рәсіміне үлгермеді). Сол себепті, отандық боксшылар мықтыны анықтап, шығарды».

92 келі. 

 1. Сағындық Тоғамбай

2. Данияр Рахымбердинов

3. Айбек Оралбай

3. Нусратбек Тохиров

«Бұл салмақта №1 боксшымыз алғашқы жекпе-жегін Тәжікстан боксшысына қарсы өткізіп, өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Жартылай финалда салмағы асып кетіп, шығып қалды. Бұл ережені бұзу, тәртіпті сақтамағандықты көрсетеді. Бұған сәл де болса, көңіліміз қалды. Еліміздегі турнирде тәртіп сақталмаса, үлкен жарыстарда қиын болады. Алдағы уақытта келеңсіз жайт қаралып, шара қолданамыз. Финалда Данияр Рахымбердинов 3 мәрте нокдаунға түссе де, шыдамдылығын танытты.».  

+92 келі.

1. Джахонгир Зокиров

2.Данабек Байғазы

3.Мухаммад Аброриддинов

3.Нұрлан Сапарбай

«Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев оқу-жаттығу жиынының жартысына қатысып, кішігірім жарақатына байланысты босатылды. Оның орнына қатысқан жерлестеріміз финалға шыққан мықтылардан жеңілді. Бұл Қамшыбекті орнын алмастырар боксшыны жоқ екендігін білдіреді. Алдағы уақытта аталған мәселелі салмақтармен жұмыс істейміз».

ЕРЛЕРДІҢ ЖҮЛДЕ КЕСТЕСІ:

Қазақстан — 8 алтын, 9 күміс, 14 қола.

Өзбекстан — 3 алтын, 1 күміс, 3 қола. 

 Қытай — 1 алтын 1 күміс. 

 Тәжікстан — 1 алтын, 2 қола.

Таиланд — 1 күміс, 2 қола.

Бахрейн — 1 күміс.

Үндістан — 3 қола.

Моңғолия — 1 қола.