Соңғы үш қазақ дзюдошысы сайысқа түседі
Дзюдо
Бүгін дзюдодан Катар астанасы Дохадағы әлем чемпионатында аса ауыр салмақтағы спортшылар сайысқа түседі, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Әлем біріншілігінің кезекті жарыс күнінде үш спортшымыз ел намысын қорғайды.
Әйелдер арасында 78 келіден жоғары салмақта бақ сынайтын Камила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова жарыс жолына шығады.
Сонымен қатар, ерлер арасында Ғалымжан Қырықбай (+100 келі) сынға түсіп, эстониялық дзюдошымен белдеседі.
Алтыншы жарыс күнінің іріктеу сыны Астана уақытымен 14:30-да басталып, оны Qazsport арнасынан тікелей эфирде көруге болады.
Айта кетейік, биылғы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына әзірге бірде-бір жүлде түскен жоқ. Ал ертең, 13 мамыр күні аралас командалық жарыс өтеді.