Куба Өзбекстандағы әлем чемпионатына жұлдызды құрама жасақтады
Бокстан Куба құрамасы Ташкентте өтетін әлем чемпионатына қатысатын спортшыларының тізімін атады, деп хабарлайды Bassport.kz.
«Бостандық аралының» өкілдері 13 салмақтың барлығында өнер көрсетеді. Хулио Сесар Ла Крус, Рониэль Иглесиас және Арлен Лопес секілді екі дүркін Олимпиада чемпиондары бар. Ла Крус сонымен қатар бес рет әлем біріншілігін ұтқан. Ал Иглесиас пен Лопес бір реттен топ жарған. Одан бөлек, үш дүркін әлем чемпионы Ласаро Альварес мен Сербияда топ жарған Йоэнлис Эрнандес те тізімге қосылған.
Куба құрамасының тізімі толықтай мынандай: Алехандро Кларо (48 келі), Эрислан Ромеро (51 келі), Йосбани Вейтия (54 келі), Сайдель Орта (57 келі), Эрисландис Альварес (60 келі), Ласаро Альварес (63,5 келі), Рониэль Иглесиас (67 келі), Хорхе Куэльяр (71 келі), Йоэнлис Эрнандес (75 келі), Арлен Лопес (80 келі), Нельсон Уильямс (86 келі), Хулио Сесар Ла Крус (92 келі), Фернандо Арсола (+92 келі).
Ал Токио Олимпиадасының чемпионы, 26 жастағы Энди Крус Ташкентке бара алмайды. Ол заңсыз жолмен Кубадан кетпекші болған. Сондықтан құрамадан шығарылған. Әзірге толық ақпарат жоқ.